Қарағанды облысындағы полигонда «Айбын» республикалық жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Қарағанды облысындағы полигонда балалар жылына және Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған «Айбын» республикалық жиынының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Оған Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының және облыстардың әскери-патриоттық клубтарының, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардының әскери колледждердің, мектеп-интернаттарының, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 600-ге жуық жасөспірімі қатысты.

«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», — дейді халық даналығы. Осы дәстүрмен «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері ардагерлермен кездесті. Бұл күні жастардың жетістіктеріне қуанып, жарыстың аяқталуымен құттықтауға Спасскіге Халық қаһармандары, Ауған соғысының ардагері генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал-майор Әлихан Жарболов, контр-адмирал Ратмир Комратов, генерал-майор Мұқан Дүйсекеев, авиация генерал-майоры Алсай Жұманов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов келді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен бүгінде қазақстандық жастарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жарысқа белсенді түрде қатысып, әскери іспен айналысуды құптадыңдар. Өздеріңнің жетістіктеріңді, білімдерің мен дағдыларыңды көрсеттіңдер, жаңа достар таптыңдар. Төзімділік сыналды, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов жиынға қатысушыларға.

Ол әскери-патриоттық тәрбиенің қоғамның рухани-адамгершілік бірлігінің негізі ретінде маңызды екенін де атап өтті. Ол «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастарды тәрбиелеудің бірегей алаңына айналғанын тілге тиек етті.

Тартысты, табанды күресте барлық өңірден келген ұл-қыздар зияткерлік және шығармашылық байқауларда, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өткен жарыстарда бағын сынады.

– Сапта тұрған әрқайсың ынтамен білім алып, үздіксіз ізденіп, өздеріңді дамытумен айналысатын болсаңдар, міндетті түрде мақсатқа жететіндеріңе сенемін, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде.