Қарағанды облысында тұрғын үй қорының сақталуы басты назарда

Қарағанды облысында тұрғын үй қорының сақталуы мен көпқабатты үйлерді жөндеу мәселесі басты назарда тұр. 2024 жылы осы бағытта маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, алдағы жылдарға нақты жоспарлар жасалуда.

Өткен жылы Шахтер кентінде 30 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылды. Бұл жобаның жалпы құны 600 миллион теңгені құрады. Ал 2025 жылы осы жоба шеңберінде қосымша 29 көпқабатты тұрғын үйді қосу көзделген. Бұл бастама тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, лифтілерді жаңарту жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Өткен жылы Теміртау қаласында 10 жаңа лифт орнатылды. 2025 жылы облыс бойынша тағы 129 лифт орнату қажеттілігі анықталды. Оның ішінде Қарағандыда – 15, Теміртауда – 113, Абайда – 1 лифт жоспарланған. «Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС директоры Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, қазіргі уақытта 25 лифтке жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті сараптамадан өткен. Жобаның қаржыландыру көзі – республикалық бюджет, несие мерзімі 7 жыл, жылдық пайыздық мөлшерлемесі 0,1%-ды құрайды, ал ай сайынғы төлем шамамен 8 000 теңге болады. Осы қаржы арқылы Қарағандыда – 15, Теміртауда – 34 және Абайда – 1 лифт жаңартылмақ.

2024 жылы қайтарымды қаражат есебінен облыстағы 4 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстар Қарағанды, Абай және Теміртау қалаларында іске асырылып, жалпы құны 190 миллион теңгені құрады. Ал 2025 жылы Саран, Теміртау, Абай, Қарқаралы және Қарағанды қалаларындағы 6 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа 320 миллион теңге бөлінбек.

Орталық газдандыру жұмыстары да қарқынды түрде жалғасуда. 2024 жылы Қарағанды және Теміртау қалаларында 315 жеке тұрғын үй газбен қамтылды. Бұл жұмыстарға 280,8 миллион теңге жұмсалып, оның ішінде 109 үй 2023 жылғы үнемделген қаражат есебінен газдандырылды. 2025 жылы 350 жеке тұрғын үйді газдандыру жоспарланған: 250-і Қарағандыда, 100-і Теміртауда. Жоба құны – 380 миллион теңге. Бұл бастама облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.

Қарағанды облысында тұрғын үй қорының сақталуы және коммуналдық инфрақұрылымның дамуы бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. 2024 жылы бастау алған жобалар алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, облыс тұрғындарының өмір сапасын арттыруға үлес қоспақ.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,

«QH»