Қарағанды облысында маусымаралық кезеңде көкөніс бағасы қалай тұрақтандырылады

Қарағанды облысында маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы тұрақтандырылуда. Фермерлер өнімдерді дүкен сөрелеріне белгіленген бағамен жеткізеді. Картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат халыққа қол жетімді болды.

2023 жылғы қазаннан бастап 2024 жылғы 1 ақпанға дейін айналым схемасы бойынша Қарағандыда 23,5 тонна жеміс-көкөніс өнімдері сатылды.
Айналым схемасы – бұл тауарларды белгіленген бағамен жеткізу міндеттемесінің орнына өндірушілерге жеңілдетілген несие беру. Облыс орталығына көкөністерді жеткізу шарты Абай ауданының «Поливное» фермерлік шаруашылығымен жасалды.
– Шаруашылыққа 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың тамызына дейін көкөністерді жеткізу үшін жалпы сомасы 153,4 млн теңгеге екі қарыз берілді. Жалпы көлемі – 1363,6 тонна, атап айтқанда картоп, сәбіз, ақ қырыққабат және пияз, – дейді «Сарыарқа» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Еркінбек Әбдіханов.
Көкөністер 37 сауда нүктесінде тасымалданады. Олардың қатарында «Оптима», «Норма», «Аян», «Южный» және «Корзина» супермаркеттері бар.

Сонымен қатар, өнімдер 22 әлеуметтік павильонға жеткізіледі. Мұндағы бағалар бекітілген: картоптың бір килограмы 95 тг құрайды., пияз – 75 тг., сәбіз – 110 тг., қырыққабат – 113 тг.
Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қазаннан бастап 2024 жылғы 30 сәуірге дейін Приозерск сауда нүктелеріне белгіленген бағамен көкөністерді жеткізу үшін «Көбенов Н.О.» ЖК айналым схемасы бойынша 50 млн теңгеге қарыз берілді. Кәсіпорын 100 тонна картоп, 100 тонна пияз, 30 тонна сәбіз және 30 тонна қырыққабат жеткізеді.
Еркінбек Әбдіхановтың айтуынша, облыста маусымаралық кезеңде көкөністердің бағасын бір қалыпта ұстап тұру үшін көлем жеткілікті.
Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 842,5 тонна өнім бар. Қант қоры 377 тоннадан асады, қарақұмық жармасы – 67,7 тонна, күнбағыс майы – 75 мың литр, ұнтақталған күріш – 125,5 тонна.