Қарағанды облысы қанша қоныс аударушыны қабылдай алады

Қарағанды облысы еліміздің басқа өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдауға дайын. Оларға жағдай жасау үшін арнайы карта жасалады. Есептеулер бойынша, 2025 жылға дейін облысқа шамамен 655 адам келе алады.


Облыс әкімдігінде аппараттық кеңесте Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының іске асырылуы талқыланды.
– 2020 жылдан бастап біздің облысымыз қоныс аударушыларды қабылдау аймағына қосылды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 655 адамды көшіру көзделіп отыр. Биыл Нұра ауданына Түркістан облысынан екі отбасы келді — олардың мүшелері жұмысқа орналасты, – деп хабарлады жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова. – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа тетік әзірледі, онда қоныс аударуға үміткерлерді ауқымды, көп сатылы іріктеу алынып тасталды.
Ерікті өңіраралық қоныс аудару шараларын іске асыруға жәрдемдесетін жұмыс берушілерге басымдық беріледі. Кадрларды іріктеу үдерісі жеңілдетілді.
Қоныс аударушыларды жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Әрбір қызметкерге 400 АЕК (1,2 млн тг.) мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем беріледі.
– Көші-қон мәселелерінде демографиялық және экономикалық үрдістерді, сондай-ақ жалпыұлттық мүдделерді ескеретін тәсілдерді пайдалану қағидатты түрде маңызды, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Әсем Жүніспекова отбасының цифрлық картасын енгізу туралы да айтты. Бұл жүйе қазақстандықтарға барлық әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды проактивті форматта өтініш бермей-ақ алуға мүмкіндік береді.
Кеңесте халықты жұмыспен қамту мәселесі де қозғалды. Жыл басынан бері облыста 22 мыңға жуық адам кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланды.