Қарағанды – кеншілер қаласы

Қарағанды кеншілер қаласы. Мұны әрбір қазақстандық біледі. Сол себепті біздің шаһардан түрлі кенші батырлардың шығуы заңдылық. 

Қарағанды – қара алтынның астанасы. Көпті өзінің қойнынан шығатын шикізатпен жылытып отырған кеніш. Қаншама тереңдіктен ақ адал маңдай тер мен қара күштің көмегімен шығатын осы бір көмірдің қадірін кейде сол үшін құрбан болған батырларымыз шыққанда ғана білеміз. Осы бір батыр жандарға арналып тіпті көшеде берілді. Мәселен, Игорь Лобода. Қазір бұл батырды білетіндер шамалы ғана. Ал кезінде оны ақтық шапарға шығарып салу үшін жүздеген қарағандылық шыққан. Игорь Лобода 1927 жылы дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын нөмірі 20 кен орнынан бастады. Апат болар күні Лобода өзінің досын алмастырған көрінеді. Өз өмірінің құнымен 17 жасар жас жұмыскерді құтқарып, құрдымға кетті. Сол кездегі көршісі Тамара Угланованың айтуынша, бала кезінде ұшқыш болуды армандаған көрінеді, әсіресі қол бос кезде: «Первым делом, первым делом самолеты» атты әнді айтқанда байқалатын дейді. Десе де, денсаулығындағы ақаудың кесірінен өз арманынан қол үзіп қала берді.

Келесі тағы бір батырымыз Оразалы Шәкіров. Ол 1930 жылы туған. Еңбек жолын жастай 14 жасында Киров атындағы нөмірі 3 кен орнынан бастады. Шикізат өндірудегі жылдар бойғы еңбегі өз жемісін берді. Кішкентай жұмыскер болып кіріп, өзі бастаған Киров кенінде басшылық қызметін атқарды. «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, 6 медальмен марапатталған. Бірнеше рет облыстық кеңестің депутаты, көмір өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподақтарының съезіне делегат болып сайланды, Берлиндегі СЭВ елдерінің көмір өнеркәсібінің экономикалық секциясының жұмысына қатысты. «Қарағанды ​​қаласының Құрметті азаматы» атағы және 1996 жылы 26 сәуірде көмір өнеркәсібін дамытуға қосқан зор үлесі, сонымен қатар қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін бірнеше марапатқа ие болған.

Көмір өндіруге бір кісідей атсалысқан тағы бір қазағымыз ол Түсіп Күзембаев, ол 1890 жылы дүниеге келген. 1908 жылдан Қарағандының «Джимми» шахтасында шанашы, тіреуші болып істеді. 1935 жылдың 26 кыркүйегінде Т.Күзембаев басқарған бригада (құрамында 6 адам) әр забойшыға тәулігіне мөлшер бойынша 11 вагон-арба орнына 220 вагон-арба көмір өндіріп, республика көлемінде рекорд жасады. Жанқиярлық енбегі арқасында көмір өндіруде, жаңа шахталарды салуда және еңбектің озық әдістерін игеруде үздік табыстарға жетті. Т.Күзембаевқа әкімшілік қызметтің 1 дәрежелі кен директоры атағы берілді 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Т.Күзембаев есімімен Қарағандыда шахта (бюсті койылған), көше аталады. Шахтерлер арасында арнайы жүлде тағайындалған.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                    

«QH»