Қарағанды көмір өндірісінде цифрлық жаңғырту жалғасуда

Қарағанды көмір бассейніндегі өндірістік қауіпсіздікті күшейту және көмір өндіру тиімділігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар енгізілуде. «Qarmet» компаниясына қарасты Т.Күзембаев атындағы шахтада заманауи неміс жабдықтарын іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Шахтаға орнатылған жаңа жоғары өнімді сорғы станциясы Германияның Hauhinco компаниясында өндірілген. Заманауи кешен жер асты өндірісіндегі гидравликалық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, шахтерлердің қауіпсіз еңбек етуіне мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жаңа станция шахтадағы тау жыныстарының қысымын ұстап тұратын арнайы құрылымдардың жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл жүйенің сенімді қызметі жұмысшылардың қауіпсіздігіне және өндірістің үздіксіз жүруіне тікелей әсер етеді. Бұған дейін пайдаланылған жабдық жиырма жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келген. Уақыт өте келе оның техникалық мүмкіндіктері қазіргі өндіріс талаптарына сәйкес келмей қалғандықтан, шахтаны жаңғырту бағдарламасы аясында заманауи қондырғымен алмастырылды. Жаңа сорғы станциясы жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Ол минутына 600 литрге дейін арнайы сұйықтықты 320 бар қысыммен жеткізе алады. Мұндай мүмкіндік өндірістік жүктемелер артқан кезде де жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жабдықтың басым бөлігі автоматтандырылған. Интеллектуалды басқару жүйесі жүктемені өздігінен бақылап, қажет болған жағдайда қосымша сорғыларды іске қосады. Бұл өндіріс процесінің сенімділігін арттырып қана қоймай, электр энергиясын үнемдеуге де ықпал етеді. Жаңа технологияның тағы бір артықшылығы – оның жер астына тұрақты орнатылуы. Бұрын ауыр жабдықтарды өндіріс аумағының жылжуына байланысты үнемі ауыстырып отыру қажет болатын. Енді мұндай жұмыстардың қажеттілігі азайып, еңбек жағдайлары айтарлықтай жақсарады. Мамандардың бағалауынша, жаңа станциялардың қуаты жоғары әрі ұзақ мерзімді пайдалануға есептелген. Бірнеше жабдықтың жұмысын алмастыра алатын кешен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба Qarmet компаниясы мен Өнеркәсіпті дамыту қоры арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта осындай заманауи сорғы станцияларын компанияның өзге шахталарына да орнату жоспарланған. Т.Күзембаев атындағы шахтадағы жаңғырту жұмыстары көмір өндірісін дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып саналады. Қазіргі таңда кәсіпорындарда автоматтандыру жүйелері, жаңа өндірістік технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік құралдары кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл өз кезегінде өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шахтерлердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»