Қарағанды есірткіге қарсы
Қарағанды есірткіге қарсы! Осындай атаумен Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы «Шахтер» стадионында әкімдіктің қолдауымен Облыстық полиция департаментімен бірлесіп есірткіге қарсы акция өткізді.
Аталмыш акция жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Акцияның ашылуына Қарағанды облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әбіл Әбілдин қатысты. Ол нашақорлықтың алдын алу үшін барлығы бірлесе жұмыс жасау керегін айтты.
– Ортақ мақсатымыз – нашақорлыққа және есірткі сату бизнесіне бірлесе қарсы тұру және осының бәрін жас ұрпаққа жеткізу. Есірткі бизнесі бәрімізді алаңдатады. Жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған бес оқушы қылмысқа тартылып жатыр, осыларды айтуымыз керек, – дейді Әбіл Әбілдин.
Шара барысында кинологтер көрерменге жұмыстарының бір бөлігін көрсетті. Арнайы дайындалған иттер өзгелер жасырған затты дем арасында тауып берді. Кейін Қарағанды облысы ПД-ның жедел қимылдайтын арнайы жасағы ұрыс кезінен көрсетілім қойды. Акция соныңда жастарды салауатты өмір салтына тарту үшін спорттық шаралар ұйымдастырылды. Жастардың барлығы әр түрлі спорттық ойын ойнап дене қыздырды. Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының директоры Якуб Джамалов жастар арасында мұндай шараларды жиі ұйымдастыру керегін сөз етті. Нашақорлықтың қаупі мен зардабын да жеткізді.
– Бұл іспен айналысып, әрине, қомақты қаржы табуға болады. Жастардың көбісі бұл іспен жақсы ақша табамын деп айналысады, кейін темір торға түсіп опық жейді. Осы жөнінде міндетті түрде жастарға тәрбие жұмыстарын жүргізу керек. Олар мұның соңы немен аяқталатынын түсінуі керек. Мұны тұтынудың өзі әр түрлі ауруға соқтырады. Тіпті өмірмен де қош айтысып жатады, – дейді Қарағанды қаласының ЖРО директоры Якуб Джамалов.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»