Қарағанды–Балқаш тасжолы ақылы жүйеге көшті
Қазақстанда республикалық маңызы бар ақылы автожолдар желісі кеңейіп келеді. 10 шілдеден бастап жаңа ақылы учаскелер пайдалануға берілді. Олардың қатарында Қарағанды–Балқаш–Бурылбайтал автожолы да бар. Бұл жаңашылдық жол инфрақұрылымын дамытуға және жолдардың сапасын тұрақты деңгейде ұстауға бағытталған.
Жаңа ақылы учаскенің ұзындығы 645 шақырымнан асады. Жолақысы толықтай автоматты жүйе арқылы есептеледі: трасса бойындағы бақылау аркаларынан өткен кезде арнайы камералар көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін тіркеп, төлемді автоматты түрде рәсімдейді. Жолдың техникалық талаптарына сәйкес, бұл бағытта рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.
Жаңашылдық жергілікті тұрғындардың да мүддесін ескерген. Бұқар жырау, Абай, Шет, Ақтоғай аудандарының, сондай-ақ Балқаш және Приозерск қалаларының тұрғындары үшін арнайы абоненттік төлем қарастырылған. Осы елді мекендерде тіркелген көлік иелері жеңілдетілген тарифпен жүру мүмкіндігін пайдалана алады.
Сонымен қатар 10 шілдеден бастап Бурылбайтал–Құрты автожол учаскесі де ақылы жүйеге көшті. Ал 11 шілдеден бастап дәл осындай тәртіп Талдықорған–Өскемен республикалық трассасында енгізілді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, барлық учаскеде қажетті инфрақұрылым толық дайын. Мамандардың айтуынша, электронды төлем жүйесі жолақысын төлеу рәсімін жеңілдетіп, оның ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Ақылы жолдардан түскен қаражат автожолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге және олардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталмақ.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

