Қарағандыға қызыл су келді. Қала әкімі жағдай бақылауда екенін айтты
Күн жылып, қардың күрт ери бастауынан Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ықшамауданы су астында қалды. 20 наурызда осы ықшамауданның Тәттімбет пен С.Мұқанов көшелерінің қиылысында қызыл су жиналып, жаяу жүргіншілер мен автокөлік қозғалысына кедергі келтірсе, 26 наурызда тұрғындардан «Шахтерлер, Сатыбалдин және Мұқанов көшелеріне су жетті» деген хабарламалар келіп түсті.
Осы орайда қала әкімі Мейрам Кожухов оқиға орындарына барып жағдайды көзбен көргенін әлеуметтік желідегі парақшасында көрсетті. Оның сөзінше, жағдай тәулік бойы бақылауда, еріген қар суы суағар мен құдыққа жиналып жатыр.
Қала әкімінің 26 наурызда сағат 19:10-дағы жағдайға берген ақпаратына сай, Мұқанов көшесіндегі суқабылдағышқа сырттан келіп жатқан суды әрі қарай Бұқпа өзеніне жіберу жұмыстары жүріп жатыр.
«Келіп жатқан су көлемі өте үлкен, сол себепті суағарларымыз бұл көлемді еңсере алмай жатыр, дегенмен екі-үш сағатта көлем біршама азаяды деп болжап отырмыз. Шахтерлер және Сатыбалдин көшелерінде ағын су үйлерге кіріп жатқан жоқ. Қазіргі таңда жағдай тұрақты, бұл мәселе менің жіті бақылауымда», – деді әкім Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Қала әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, қысқы кезең басынан бері қала аумағын күтіп-баптауды қамтамасыз ететін мердігерлер 1 563 мың м³ қар шығарған. Су тасқынының белсенді кезеңі басталғалы, Қарағанды қаласында су басу қаупі туралы 117 хабарлама тіркелді. 2 мекенжайдағы үйлерді су басты (Жеңіс көшесі, 47 және Құрманғазы, 56).
Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істейді. Барлық факт жөнінде учаскелер араланып, жағдайға баға беріліп, тиісті шаралар қабылдануда.
Тұрғын үйлерді басқан суды тежеу үшін жергілікті атқарушы органдардың, жол-коммуналдық шаруашылық ұйымдарының, Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. Қазіргі уақытта Қарағандыда су тасқыны жағдайы тұрақты. Су тасқынына тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.
Сонымен қатар қала әкімі күн жылығалы бері қаланың санитарлық мәселесі де басты назарға алынғанын айтқан болатын. Осы орайда ол аудан әкімдеріне қалада санитарлық тазалауды күшейту бағытында бірқатар тапсырма берді.
Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің ақпаратынша, «Елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппараты мен «Itera KRG» ЖШС және «Ер Агро» ЖШС (орындаушы) арасында қаланың және Оңтүстік-Шығыс секторларының кварталішілік кірме жолдарын, тұрғын үй массивтерін күтіп ұстау жөнінде шарт жасалған. Мердігерлер келісімшарт аясында күн сайын ірі қалдықтарды шығару жұмыстарын жүргізеді, жұмыстарға 4 тиегіш және 8 самосвал техникасы жұмылдырылған.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»