Қарқаралыдағы шаңғы марафоны өз мәресіне жетті
Қарқаралыда қысқы спорт маусымы дәстүрлі шаңғы марафонымен жабылды. Онда Қарқаралы ауданы, Қарағанды, Теміртау, Павлодар және басқа да қалалардан 53 шаңғышы бақ сынасты.
IV ашық облыстық марафонды Қарқаралының спортшысы әрі белсендісі Думан Бейсенаев аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырды. Жарысқа жас спортшылармен қатар, шаңғы спортының ардагерлері де қатысты.
Барлық марафоншы бір мезетте жарыс жолына шықты, алайда қашықтықтар жас ерекшелігі мен жынысына байланысты өзгеріп отырды. 14-17 жастағы жігіттер 10 шақырым, қыздар 3 шақырым қашықтықты еңсерді. 18-39 жас аралығындағы ерлер 30 км, ал әйелдер 15 км қашықтықта жарысты.
Ерлер арасындағы марафон қорытындысы бойынша абсолютті чемпион атағын Қарағанды қаласының өкілі Рафаил Тинчурин жеңіп алды. Күміс жүлде Сергей Головизинге (Қарағанды), қола жүлде Виталий Литвиненкоға (Павлодар) бұйырды.
Әйелдер арасындағы бәсекеде бірінші орынды Инна Вишнякова (Теміртау) иеленсе, екінші орын Ангелина Старожиловаға (Қарағанды), үшінші орын Светлана Дьяковаға (Қарағанды) берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай және арнайы сыйлықтармен марапатталды, ал барлық қатысушы естелік төсбелгілерге ие болды.