Қарқаралыда су тапшы

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында ауызсу тапшы. Орталық су торабы 9 мың тұрғыны бар шағын шаһарды толық қамтамасыз ете алмай отыр. Себебі жерасты суының қоры тым аз. Тіпті қыс айларында тіршілік нәрі тәуліктеп берілмей қалады екен. Өзекті мәселе жылдар бойы шешілмей келеді.

” Мамандардың есебі бойынша, Қарқаралы қаласын толық қамтамасыз ету үшін тəулігіне 300-350 текше метр су қажет.

Бірақ қазіргі суқоймаларының оған күші жетпейді. Әсіресе қыста су деңгейі төмендеп кеткен кезде, бар болғаны 180-200 текше метр ғана су бере алады. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Себебі Қарқаралыда техникалық су жоқ. Халық ішуге де, шаруашылыққа да осы суды пайдаланады. Қысымның төмендігінен тіпті кей көше мүлдем сусыз қалып отыр. Тұрғындар өзге жақтан тасып ішуге мәжбүр. Ал колонкалар әлдеқашан істен шыққан.

— Қысы-жазы су тасимыз. Әбден шаршадық. Көшеге қойған колонкалардың ешқайсысы істемейді. Осы ауызсу мәселесін шешетін қаншама мемлекеттік бағдарлама болды ғой. Бірақ соған неге Қарқаралының шетіндегі Қамбар ауылы ілікпей қалады деген сұрақ барлығымызды мазалайды, — дейді Қарқаралы қаласының тұрғыны Венера Рахымжанова.

Қазір Қарқаралыда 6 су ұңғымасы бар. Бірақ оның барлығы 90 жылдары тұрғындарды сусыз қалдырмау үшін уақытша салынған екен. Себебі сол кезде «Жарлы-Қарқаралы» жобасы қолға алынған. Алайда құрылысы 5 жылдан соң тоқтап қалып, барлық құрылғы талан-таражға түседі. Биыл енді сол игі жоба қайтадан қолға алынды.

— Біз қазір Жарлыда 4 су ұңғымасын қаздық. Ондағы судың мөлшері, сапасы Қарқаралы жұртын түгел қамтамасыз етуге жетеді. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге қаржы бөлінді. Енді сол ақшаны уақытында игерсек, жұмыстың шамамен 60-70 процентін аяқтаймыз, — дейді Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Талғат Омаров.

” Яғни жоба бойынша 3 сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 мың текше метр болатын 3 бірдей суқойма салынып, 38 шақырым құбыр тартылады. Бұл мақсатқа шамамен 2 миллиард 400 миллион теңге қажет. Бұған қоса қалаішілік су жүйесі де түгел жаңартылады.

Қарқаралы қаласы бойынша 32 шақырым су құбыры бар. Соның 80 пайызы тозып тұр. Қыс бойы қысымға шыдамай жарылып әуреге салды. Өткен жылы 2 шақырымын ауыстырдық. Енді Жарлыдан су жеткенше, түгел жаңартып алу керек. Оған қаржы да, ж ұмыс күші де жеткілікті, — дейді «Қарқаралы су» мекемесінің басшысы Ғалым Мұсағалиев

Жоба бойынша, құрылыс 2023 жылы түгел аяқталуы тиіс. Сол кезде Қарқаралыға тәулігіне 4 мың текше метр су беруге мүмкіндік болады. Бұл — тұрғындарды қысы-жазы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге жеткілікті. Мамандардың зерттеуінше, игі жоба таулы аймақтың экологиясын жақсартуға да оң серпін бермек. Себебі ормандағы жерасты су қорының азаюынан қарағайлардың қурап қалу қаупі бар екен.

Асыл АЙБЕК, «QH»