Қарқаралы төріндегі қымыз думаны
Қарқаралының көркем табиғат аясында өткен «BaiQymyz-2026» этно-гастрономиялық фестивалі ұлттық сусынның мәртебесін көтеріп, қазақы дәстүрді дәріптеген айтулы мәдени оқиғаға айналды. Биылғы фестивальге еліміздің әр өңірінен 20 мыңнан астам қонақ жиналып, үздік қымыз өндірушілер бақ сынады.
Арқаның сұлу өлкесі Қарқаралыда өткен мерекелік шара бір ғана байқаумен шектелген жоқ. Фестиваль аясында этноауылдар тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қолөнершілер шеберлік сабақтарын өткізіп, өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Қонақтарға шамамен 30 тонна қымыз ұсынылып, ұлттық тағамдар көрмесі өтті. Ұйымдастырушылар бастапқыда халықтық дауыс беруді онлайн форматта өткізуді жоспарлаған. Алайда фестивальге жиналған жұртшылықтың саны күткеннен әлдеқайда көп болып, байланыс желілеріне түсетін жүктеме артқандықтан, дауыс беру жүйесі офлайн форматқа көшірілді. Фестиваль қонақтары арнайы бюллетеньдер арқылы ұсынылған қымыздардың дәмін татып, өз таңдауларын жасады. Осылайша, байқау қорытындысында кәсіби қазылар алқасының бағасымен қатар қарапайым халықтың пікірі де ескерілді. Биылғы додаға Қарағанды облысы мен еліміздің өзге өңірлерінен келген 37 шаруашылық қатысты. Қазылар алқасы мен халықтың жоғары бағасына ие болған Қарқаралы ауданының «Қарқаралы Ақтерек» бренді 5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені жеңіп алып, Қазақстанның үздік қымыз өндірушісі атанды. Жүлделі орындарға сондай-ақ Қарқаралы өңірінің «Тоқпан қымызы» мен Ұлытау облысынан келген «Жаңаарқа қымызы» ие болды. Жеңімпаз шаруашылықтың жетекшісі Бұрхан Жолтаев фестивальдің маңыздылығына ерекше тоқталды.
– BaiQymyz – еліміз үшін тың жоба. Мұндай бастама Қазақстанда бұрын болмаған. Бұл фестиваль алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп сенемін. Біз шаруашылықты бір биеден бастадық. Ендігі мақсатымыз – қымыз өндірісін дамытып, ұлттық өнімді шетел нарығына шығару, – деді жеңімпаз шаруашылықтың жетекшісі Бұрхан Жолтаев. Фестивальге келген қонақтардың арасында жылқы шаруашылығымен айналысатын мамандар мен блогерлер де болды. Солардың бірі – Алтай өңірінен келген жылқышы әрі блогер Бауыржан Болатханұлы. Ол фестиваль барысында бірнеше қымыздың дәмін татып көргенін, алайда Ақтерек ауылынан әкелінген өнім ерекше әсер қалдырғанын айтты.
– Фестиваль алаңын аралап, көптеген қымыздың дәмін көрдім. Соның ішінде Ақтеректің қымызы ерекше ұнады. Дәмі тіл үйіреді, бабымен дайындалғаны байқалады. Осындай адал еңбектің жемісі молайып, жылқыңыз көбейіп, қымыздарыңыз халықтың ықыласына бөлене берсін, –дейді блогер Бауыржан Болатханұлы.
Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев BaiQymyz жобасының болашағына жоғары баға берді.
– Бұл жоба ұлттық мәдениетімізді әлемге танытып, халықаралық деңгейдегі мәдени-туристік брендке айналады деп сенеміз. Ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан қымыздың қадірі арта берсін. Берекелі даламыздың ырысы тасып, ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала берсін, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, BaiQymyz фестивалі енді республикалық мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Бұл шара жыл сайын өткізіліп, ұлттық сусынды дәріптеумен қатар өңір туризмін дамытуға да серпін бермек. Алқызыл таңнан кешкі думанға дейін жалғасқан фестиваль қазақтың бай мәдениетін, қонақжай дәстүрін және ұлттық тағамдарының ерекшелігін кеңінен танытты. Қарқаралы төрінде өткен қымыз мерекесі ұлттық код пен рухани мұраны жаңғыртқан, халықтың басын қосқан тағылымды шара ретінде есте қалды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

