Қантты келісіп қымбаттатқан

Қарағанды облысы монополияға қарсы департаменті қанттың көтерме саудадағы бағасын қолдан қымбаттатқандарды анықтады. Аталған жайт 2021 жылғы тамыз- желтоқсан және 2022 жылғы қаңтар- ақпан айларында Қарағанды облысының шекарасындағы қантты көтерме саудада өткізу нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау жүргізу барысында белгілі болған.

Талдау қорытындысынан белгілі болғаны — «Самади-1», «Адал- Аспан», «Aron KZ» және «ЕрАй-2012» компаниялары қанттың көтерме бағасын бір уақытта көтеріп, бір уақытта төмендетіп отырған. «Бәсекелестікті қорғау саласында заң бұзушылық белгілерінің негізінде Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы департаменті «Самади-1» ЖШС, «Адал- Аспан» ЖШС, «Aron KZ» ЖШС және «ЕрАй-2012» ЖШС атына оларды жою туралы хабарлама түсірді. Хабарламаны орындау мерзімі оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күнді құрайды», — делінген таратылған ақпаратта. Департамент монополияға қарсы органның хабарламасын орындамау немесе оны жартылай орындау, белгіленген орындау мерзімдерін бұзу салдары тергеп- тексеру тағайындауға негіз болатынын және ескертті.