Ананың ерлік ғұмыры
Халқымызда ана туралы аңыз да, қанатты сөздер де, болған оқиғалар да, түрлі әңгімелер де жетерлік. Адамзат баласын жарық дүниеге әкелген алтын құрсақты аналар туралы асыл сөз, ізгі ниет, марапат ешқашан көптік етпейді. Ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптың қайнары іспетті алыс ауылдардың өзінде де кемел білімі болмаса да, өмірден тоқығаны көп, ілімі мен парасаты мол, Ұлпандай ұлағатты, Айғанымдай ақылман, рухы мықты, жан дүниесі бай, тұла бойы даналық тұнған аналар қаншама?!. Кейбірін көзіміз көрген, кейбірін сырттай білген осындай абыралы аналардың ерлікке бергісіз ерекше ғұмырын елге таныту, өнегесін тарату ортақ міндетіміз болса керек.
Біз бүгін сондай бір аяулы ана, сирек тағдыр иесі Қадиша Төлеуқызы Игілікова туралы әңгіме қозғамақпыз. Қадиша ананың туған жері – Павлодар облысының Май ауданы. Кейініректе, ұзақ жылдар екі облыстың шекарасында жатқан Қайнар ауылында тұрыпты. Үлкен еңбек жолын бұрынғы Егіндібұлақ ауданының орталығында бастаған. Жолдасы Құлжанбек Смажанұлы Егешов ауыл-аймаққа белгілі, сыйлы ел азаматы болыпты. Осы ауданның Өсібай ауылына қарасты Бастал деген жерде дүниеге келген. Бес баланың үлкені. Өмірінің соңына дейін Қарқаралы ауданының Абай атындағы совхозында бас есепші болып істеген. Алғашқы жары Мақсима Іңкәрбекқызы Мусина Қарқаралы ауданының бұрынғы «Восток» совхозы Калинин бөлімшесінің тумасы екен. 1974 жылы, тым ерте, 40-қа қараған жасында қайтыс болып кетеді. Отбасында он екі бала – сегіз ұл, төрт қыз қалады. Балалардың алды ер жетіп, әкеге сүйеу, тірек болуға жарап қалды дегенмен, отбасының әйел-анасыз шырайы кірген бе?! Отағасы қабырғасымен, жанашыр ағайынмен ақылдаса келіп, аудан орталығында, сот мекемесінде хатшы болып жұмыс істеп жүрген Қадиша есімді әйелмен сөз, көңіл жарастырып, төсек жаңғыртады.
Топты баланың үстіне келген жас әйел жаңа ошақтың үйелмен-сүйелмен балаларын жатсынбай, бірден баурап әкетті. Арманды аналарының ыстық-суығы әлі басыла қоймаған балалар үйдегі жаңа отанасына алғашында жатырқай қарағандарымен, келе-келе осынау көңілінің аласы жоқ, аңғарлы, кең пейіл жанмен жақсы тіл табысып, тонның ішкі бауындай жақын араласып кетті. Қадишаның бұрынғы күйеуінен Рымкүл, Нәзигүл есімді екі қызы бар еді. Рымкүл үлкен шешесінің қолында тәрбиеленді де, Нәзигүл осы балалармен бірге өсті. Анасы қайтқанда үйдің кенжесі Тоқтар бір жаста ғана екен. Әке-шешесі есінде жоқ. Қадишаны «мама» деп кетті. Өзінің туған анасы жөнінде бертінде ғана естіп білді. Ерлі-зайыптылар бас қосқан соң Гүлсім есімді қыз дүниеге келді.
Шамалы уақыт шайқалақтап қалған шаңырақтың тірлігі қайта түзеліп, өмір ағысы шаршысына толып, бір қалыпқа түскендей еді. Үлкен балалар еңбекке араласа бастады, көпшілігі мектепте оқиды, кішкентайлары – үй базары. Осындай мамыражай отбасын тағы бір сұрапыл сынақ күтіп тұр екен. Арада бірер жыл өткенде, 1977 жылы, отағасы 48 жасында кенеттен қайтыс болып кетті. Бұл орны толмас ауыр қазаның зіл батпан салмағы ең алдымен жас ананың иығына түсті. Бар-жоғы 35 жастағы әйел тағдырдың тосын талқысын бар жан-жүрегімен, жұлын-жүйкесімен терең сезінген еді. Қандай ортада, қандай жағдайда болсын өзін өрелі ой, биік парасат иесі, салиқалы әйел ретінде таныта білетін жан ендігі қалған ғұмырда туған ата-анасынан ерте айрылып, жетімсіреп қалған жас жүректерге бас-көз болып, қатарынан қалдырмай бағып-қағуды өзінің пешенесіне жазылған өмірлік мұраты санады. Сол жолға тас түйін бекінді де, шаңырақтың барлық тыныс-тірлігін өз қолына берік алды.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Ана борышы мен әке парызын қатар теңдей жүріп, Қадиша ана алдыңғы жылы мезгілсіз қайтыс болып кеткен ұлдың үлкені Беркіннен бастап барша балаларының тағдырына таразы болды. Ұлдарды өз қолымен үйлендірді, қыздарды өз қолымен ұзатты. Барлығының өз алдына отау құрып, қалыптасып, жетіліп кетуіне барынша ықпал етті, шапағатын тигізді. Қарға тамырлы, қаршыға сіңірлі қазақтың отбасы, ағайын-туыс, құда-жегжаттыққа қатысты таусылып бітпес әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларының басы-қасында қашанда өзі жүрді. Күйеуінің жақын-жуықтарымен, барша аралас ағайын-туғанмен сындарлы сыйластық салтын ұстады. Салқам Сарыарқаның әр қиырымен жалғастырған құдайы құдалықтың ғасырлар иінінде қалыптасқан халықтық дәстүрін табиғатына біткен бекзат болмысымен, биік парасат-пайымымен шебер атқара білді. Туған-туыс, тума бауырдың тату тірлігі, отбасының бірлік-берекесін басты мұрат етіп қоя жүріп, балаларын да осы мақсатқа жұмылдырды. Ортақ тұрмыс-тіршіліктің берік темірқазығы, ізгілікті ұйытқысы болды.
Өмір болған соң соқтықпасы, соқтасы болып тұруы да заңды құбылыс – ақ-қарасы алмасып түсіп жатады. Сондай санаға салмақ түскен сындарлы сәттердің қай-қайсысында да Қадиша ана қайтпас қайсарлық танытты, қажымас қайратымен жеңе білді. Қандай қиын-қыстау сәтте де оның жүрегі «Жасай бер, Адам! Жасай бер, Өмір!» деген ұлы гимнді шырқаудан танбады. Сөйтіп, ол жылжыған жылдар иінінде балаларына ғана емес, барша ауылға сыйлы, құрметті, әр ісінен үлгі өрбіген, әр сөзінен ұлағат өрілген өр де өжет анаға айнала берді. Аяққа құйған астай шағын көлем болған соң бір-біріне көп мейірлене бермейтін ауыл адамдарының өзі оның тынымсыз, тағылымды тыныс-тіршілігіне разы болып, алғыс айтып сөйлейтін болды.
Жоғарыда айтқанымыздай, отағасы екеуінің артында қалған он бес баланы баланы бірінен соң бірін оқытып, ұлықты ұл, қылықты қыз етіп өсірді. Ешқайсысының бетінен қағып, көңілдерін қалдырып көрмеді. Бәріне дерлік жоғары, кәсіптік білім алып беріп, әрқайсысын өз алдына үй етті. Содан соң олардан өрбіген ұл мен қызды жетілдіруге кірісті. Қашанда бақшасын баптаған бағбандай, бар талап-тілегі балаларының үстінде болды.
Бір қуанарлығы, ұл-қыздарының бәрі де әкелеріне тартқан есті-басты, саналы, ер намысты, еңбекқор болып қалыптасты. Бірінен бірі өткен сымбатты, сұлу, әдепті, тәрбиелі болып өсті. Аналарына берік тыл, арқа тірек болды. Тіршіліктің талай-талай тартыс-талқысы тұсында жар басындағы жалғыздай жабығып, қатты қамыққан, қамырыққан сәттерінде басқалар болмаса да, балалары қасынан табылып, асыл аналарын бар ынта-шынталарымен демеп отырды. Күні бүгінге дейін оның кіршіксіз көңілі, қажыр-қайраты, рухы мен жігері, нәзік сезімі мен биік парасаты алдында өздерін мәңгі қарыздармыз деп біледі. Аналарының 60, 70, 80 жылдық мерейтойын туған-туыс, тума-бауыр арасында дүбірлетіп атап өтті.
Қадиша ана балаларының жай-күйін басты мұрат ете жүріп, өзі де қызметтен қол үзген жоқ. Зейнетке шыққанға дейін сол Абай ауылында балабақша директоры болып қызмет атқарды. Егешовтер әулеті бүгінде қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге тартқан алып бәйтерек! Қадиша ана сол бәйтеректің әрбір жапырағын аялап, аналық жүрегімен алқап отырған асыл шынар!
Үйдің үлкені Беркін 2020 жылы, 67 жасында қайтыс болды. Одан кейінгі Роза Қарағанды қаласында тұрады, зейнеткер. Гүлдарай бастауыш сынып мұғалімі, зейнет демалысында. Еркін Астана қаласында тұрады. Бақыткүл есепші болып қызмет істеген, қазірде жеке кәсіпкер, Баймырза елді мекенінде тұрады. Егіз ұл – Серік, Беріктің бірі – құрылысшы, бірі – жоғары білімді ұстаз. Амангелді Қарағанды педагогикалық институтын бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітірген, жеке кәсіпкер. Аманжол да – құрылысшы, Топар кентінде тұрады. Айша – дәрігер, Қарағандыда өмір сүріп жатыр. Тоқтасын зейнет демалысында, өрт сөндіруші. Тоқтар Қарағандыдағы «220 Вольт» фирмасында еңбек етеді. Үйдің кенжесі – Гүлсім облыс орталығындағы «Самал» сауда орталығында экспедитор. Балаларының барлығы жүрген орталарында сыйлы, беделді. Өз мамандықтарының шын шеберлері, қолға алған істерін ұршықша үйіріп отыр. Ұйымдары мықты, ынтымақ-бірліктері берік. Бірге туған бауырлардың сән-салтанаты, той-томалағы десе, бір жағадай, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей жұмылып кетеді. Келіндері – қызындай, күйеу балалары – ұлындай. Бір де біреуі алдынан кесе көлденең өткен емес. «Мама, апалап» құрақ ұшып тұрады.
Осы балалардан өрбіген немерелердің өзі бүгінде бір қауым ел. Алды ат жалын тартып мініп, санатқа қосылып қалды. Аяқтанып, шаңырақ көтергендері де бар. Олардан шөбере сүйіп отыр. Қадиша ананың, жасы сексеннен асып, ағарып қалғанына қарамастан, жады әлі де мықты, санасы сергек. Балалардың жөні бір бөлек, немере-шөберелерін түстеп тануы өз алдына, есім-сойларын да еш шатастырмайды, тап басып танып отырады.
Әңгіменің түп негізі – Қадиша анамыздың кезінде, отыздан енді асқан жасаулы жасында алды 21-де, кенжесі 1 жасар, 12 балалы үйге, өзінде екі бала және бар, отанасы болып, тәуекел етіп баруы ғой. Аналарының осынау көзсіз ерлігі жөнінде балалары, арада жылдар өтіп, көңіл марқайған, өмір өз арнасын тапқан шақта сыр етіп, суыртпақтап: «қалай ғана дәтіңіз барды, қалайша тәуекел еттіңіз» деп сұрағандары бар. Сондағы ананың жауабы: «Оның ешқандай да ерлік дейтіндей сын-сыпаты, құпиясы жоқ. Әкелерің екеуіміз өмірдің толқынысты бір кезеңінде бір-бірімізді тауып, танып, түсінісіп, сыр бөлістік, ақыл қостық. Ой-тілегіміз тоғысқан соң, бірге тұруға бел байладық. Сосын, әлгі… Өздерің айта беретін махаббат та болды біздің арамызда. Онсыз қалай енді?!. Кім біледі? Соның барлығы сендердің бақуатты тірліктеріңе көзайым болуға жазып тұрған шығар, о баста!..»
– Ал көп балалы отбасы дегенге келсек… Біз бір үйде кем дегенде жеті-сегіз бала өсіп-өнген кезеңде өмір сүрген буынбыз ғой. Сондықтан көп балалы отбасына баратынымды көріп біле тұра тіпті де тосылған жоқпын. Біріншіден, әкелеріңнің ақыл-парасатына сүйендім, екіншіден өзімнің сендерді ана көңіліммен баурап алатыныма сенімді болдым! Ана жүрегім алдамады! Ана болу – бір бақыт. Ал көп балалы ана атану – асқан жауапкершілік. Атам қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен. Бір ғана «Әр баланың өз несібесі бар» деген сөздің қаншама отбасыға күш-жігер сыйлайды?! «Он сегіз мың ғаламның мызғымайтын бір заңы болса, ол – ананың перзентіне деген махаббаты» депті Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде. Менің бар саналы ғұмырымның мән-маңызы – осы өнегеге саяды, тегі…
Міне, отбасында бір өзі он бес баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана осындай орнықты ой түйеді. Шіркін, сүюден, аялаудан танбайтын ана жүрегі қандай жомарт, мәрт, нағыз асыл десеңізші?!
«Ақылына көркі сай» деген мәтелді жиі айтамыз. Ажарлы адамның ой-өресі де биік болады. Табиғатынан көрікті, Алла Тағала берген нығметін иманымен, салауатты ісімен ұштастыра білген Қадиша ананың өзі де, сөзі де – сұлу, ғибратты ғұмыры – өшпестей үлгі-өнеге, өйткені, ардақты ана өмір бойы ақыл-санасына ғана жүгініп келеді. Жан сұлулығының, жүрек күшінің түп негізі – ардай аппақ сезімі мен сенімі. Осы қасиеттерінің бəріне қоса жан әлемі жібектей жұмсақ, күн көзіндей шуақты. Балаға деген, өскелең ұрпаққа деген қалтқысыз көңілі, ағайын-туыс, ауыл-аймаққа деген пердесіз пейілі еріксіз елжіретеді.
Бір кездергі ата бәйтеректен балалаған бұтақтардың бүгінде қара ормандай қалыңдап келе жатқанына күніне мың мәрте тәубе етіп отырған Ару Ана, асыл әже бүгінде 80 атты сеңгір биіктен асты. Шаңырағыңыз шаттыққа толсын, ұрпақтарыңыз жүрген ортасына, отбасына шапағатын шашып тұратындай, құт кіргізетіндей келісті болсын! Басыңызға Жаратқан иенің нұры жауа берсін дейміз. Баршамызды әрдайым Ана құдіреті жебеп-желеп жүрсін!
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі