Алтын қолды хирург
Қарағандыда «XXI ғасыр хирургиясының эволюциясы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, атақты хирург Сергей Викторович Лохвицскийдің 90 жылдық мерейтойына арналып ұйымдастырылды.
Сергей Викторович Лохвицькийдің есімі ғылым саласында елімізден бөлек, шетелдерде де кеңінен танымал – медицина ғылымдарының докторы, жоғары категориялы хирург, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің госпитальдық хирургия кафедрасының профессоры. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағына ие, Қазақстанның медицина ғылымдары академиясының құрметті академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Нью-Йорк ғылымдар академиясының академигі. Бүгінгі таңда көптеген жаңашыл медициналық технологиялар кеңінен қолданысқа енгізілген, ал оның есімі Қарағанды қаласымен тығыз байланысты.
– Мен бүкіл өмірімді жұмысқа арнадым және жұмысыммен өмір сүрдім. Бұл менің өмірімдегі ең басты нәрсе болды. Ал қандай жетістікке жеткенім, кешіріңіздер, оны сырттан қарап бағалауға болады. Мен өз Отаныммен мақтанамын, біз көп нәрсені жасай алдық, –дейді жоғары дәрежелі хирург Сергей Лохвицкий.
Сергей Викторович өз жетістіктері туралы мақтанып айта бергісі келмейді. Дегенмен, өз жетістіктерінің арасында ол үлкен ізбасарлар мектебін және органдарды трансплантациялау бойынша жасалған операцияларын айтады. 21 ақпанда мерейтой иесінің туған күніне орай оған құттықтауға және «XXI ғасыр хирургиясының эволюциясы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен әріптестері, оның ішінде жетекші хирургтер жиналды, ал құттықтау хаттары республиканың шекарасынан тыс жерлерден келіп түсті.
– Бүгінгі Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өте маңызды. Өздеріңізге белгілі, біздің атақты хирург — Сергей Лохвицькийдің 90 жылдығына арналған шараға шетелден келген әріптестері келіп, жұмыс атқарып, конференцияда өз нәтижелерімен бөлісетін болады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков.
Сергей Лохвицкий 1935 жылы Мәскеуде дүниеге келіп, атақты Сеченов атындағы Мәскеу медициналық институтының емдеу факультетін бітірген. 1975 жыл оның өмірінде ерекше кезең болды, сол кезде ол Қарағандыда жұмыс істеу ұсынысын қабылдады. Дәл осы жерде оның жарқын карьерасы басталды. Мерейтой иесінің еңбегін бағалау үшін эпитеттер жетіспейді.
– Біздің ұстазымыз, ұлы хирург, ұлы педагог, мықты ғалым – Сергей Викторовичтің 90 жылдығы. Бұл кісінің жолының өзінің өмірбаяны үлгі тұтарлық жағдай, – деп атап өтті ҚР бас хирургы Болатбек Баймаханов.
Хирург-ұстаздың жұмысының нәтижелерін қорытындылауға болмайды. Бұл болашаққа арналған еңбек, бұл оның шәкірттері мен ізбасарларының легі, мыңдаған құтқарылған өмір және әлі де сауығу мүмкіндігіне ие болатындар.
– Бізде барлығымыз, қайда жұмыс істесек те, осы адамға қарыздармыз. Сергей Викторович, ол әртүрлі медициналық саланың, әсіресе Қарағанды облысының хирургиясының алғашқы жаңашылы деп айтуға болады. Біздің бөліміміз қазір оның арқасында өмір сүруде. Қазіргі заманғы медицина инновациялық әдістерге негізделген, техниканың дамуы қарқынды, бірақ хирургияның қол еңбегі әлі де адамға байланысты екенін ұмытпаймыз, – дейді Облыстық клиникалық аурухананың тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Франц Галицкий.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындылары жинақталып, медициналық қоғамдастық үшін маңызды оқулыққа айналады.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»