«Алтын мұра» – ұлттық кесте студиясы
Қазіргі заман жастары технологиялық жаңалықтар мен дәстүрлі құндылықтарды үйлестіруге талпынып, заманауи өмір мен ата-баба мұрасы арасында теңгерім іздеуде. Жерлесіміз Әйгерім Асылбекова ұлттық кесте өнерін дамыту мақсатында «Алтын мұра» атты студия ашуды қолға алды. Ол жобасын облыс әкімінің грантының қолдауымен жүзеге асуда.
– Кесте – бұл тек өнер емес, жүректен шыққан туынды, – дейді Әйгерім. – Бұл үдеріс арқылы біз ою-өрнектердің әсемдігін ғана емес, ұлттық рухымызды да жеткіземіз. Дәстүрлер мен заманауи идеяларды біріктіру – менің басты мақсатым.
Студия мақсаты мен бағыттары
«Алтын мұра» студиясы қолөнерге деген сүйіспеншілікті оятуға, бірегей бұйымдар жасауға, сондай-ақ халық шығармашылығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған. Студия қызметтері бірнеше бағытты қамтиды:
Киімдерге қолмен және машинамен кестелеу;
Интерьер заттарын безендіру;
Бұйымдарды кастомизациялау;
Кез келген адамға арналған шеберлік сабақтарын өткізу.
– Әрбір өрнек – бұл ерекше оқиға. Жіптер мен маталар арқылы біз тарихты сөйлетеміз. Біздің бұйымдар клиенттер үшін тек әшекей ғана емес, олардың жеке болмысының бір бөлшегіне айналуы керек, – деп бөлісті жас кәсіпкер.
«Алтын мұра» – әлеуметтік жоба
Студия тек өнер ордасы ғана емес, сонымен қатар білім беру мен шабыттандыру алаңы болмақ. Мұнда шеберлік сабақтары арқылы адамдар қолөнер дағдыларын меңгеріп, өздерін шығармашылық тұрғыда көрсетуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, студияда ерекше сәндік элементтер – үйлену тойына арналған бұйымдар, жастықтар, дастарқандар және сүлгілер жасалатын болады.
Әйгерім қазір студияның тұжырымдамасы мен ұйымдастыру жұмыстарының негізін қалаумен айналысуда. Алдағы уақытта ол өз командасын жинап, сапалы өнімдерді жасап, халыққа ұсынуды жоспарлап отыр.
Бұл бастаманы іске асыруға Қарағанды облысы әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында алған гранты үлкен қолдау көрсетуде. 2024 жылғы байқауда 407 қатысушының арасынан 25 жеңімпаз анықталды, олардың бірі – Әйгерім.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»