«Алтын Гефест» ұлттық байқауының үздігі

Елордада өткен Astana Mining & Metallurgy – AMM 2026 XVI халықаралық тау-кен металлургиялық конгресі аясында дәстүрлі «Алтын Гефест» ұлттық салалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы байқауда Qarmet компаниясының екі маманы кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп, өз саласы бойынша ең жоғары марапаттардың иегері атанды.

Компанияның Көмір департаментінің бас геологы Руслан Хисматуллин «Жыл геологы» номинациясында жеңіске жетсе, Болат департаментінің директоры Андрей Берг «Жыл металлургі» аталымы бойынша үздік деп танылды. Бұл марапаттар олардың өндірістегі ұзақ жылғы тәжірибесі мен саланы дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Qarmet компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, «Алтын Гефест» байқауы жыл сайын Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніндегі үздік жобаларды, өндірістік жаңашылдықтарды және кәсіби біліктілігімен ерекшеленген мамандарды анықтауға бағытталған. Саладағы беделді марапаттардың бірі саналатын байқау еңбек адамының тәжірибесі мен жетістігін насихаттауға ерекше көңіл бөледі.

«Жыл геологы» атанған Руслан Хисматуллин геология саласында 18 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы кезеңде ол көмір кен орындарын зерттеу, өндірістік процестерді жетілдіру және тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды тәжірибе жинақтаған. Оның жетекшілігімен атқарылған жұмыстар көмір қорларын тиімді игеруге және өндірістік шешімдерді ғылыми негізде қабылдауға ықпал етіп келеді.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Руслан Хисматуллин бұл жетістік жеке еңбектің ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

– Мұндай марапатқа ие болу – үлкен мәртебе. Еңбегімді жоғары бағалағандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Геология  көмір өндірудің тұрақты әрі қауіпсіз жүргізілуінің негізі. Біздің жұмысымыздың сапасына тау-кен жұмыстарының жоспарлануы, өндірістің тиімділігі және ең бастысы – кеншілердің қауіпсіздігі тікелей байланысты. Барлық жас мамандарға өз әлеуеттерін дұрыс бағытта жүзеге асыруды тілеймін. Бүгінде көмір департаментінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Біз қорларды зерттеуді жалғастырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, өндірістің сенімді негізін қалыптастырудамыз, – деді ол.

Маманның айтуынша, геологиялық барлау жұмыстары пайдалы қазбаларды өндірудің бастапқы әрі маңызды кезеңі. Кен орындары туралы нақты деректер өндірістік жоспарлаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де тікелей әсер етеді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай кәсіби байқаулар өндіріс саласында табысты еңбек етіп жүрген мамандардың тәжірибесін кеңінен насихаттауға, жас кадрларды ынталандыруға және инженерлік-техникалық мамандықтардың беделін арттыруға ықпал етеді.

Qarmet компаниясы қызметкерлерінің «Алтын Гефест» байқауындағы жетістігі отандық тау-кен металлургия саласында кәсібилік пен жауапкершіліктің жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Бұл марапаттар өндірістің тұрақты дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегіне берілген лайықты баға деуге болады.

 

Ералы ҒАНИ,

«QH»