Алтын асық қалмасын ұмытылып

Асық ойыны – үлкен халықтық тәрбие. Ұлтымыздың дәстүрі мен мәдениетінің бастауы.

Б.МОМЫШҰЛЫ

Бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие мекемесінде беріледі. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс дене құрылысының жетілуі, ой-өрісінің дамуы, зейінінің тұрақтануы, сөздік қорының молаюы бөбекжайдан басталады. Балаларды ойын арқылы тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді атам қазақ. Бүгінгі өскелең ұрпақ – бұл еліміздің болашағы. Балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, салт-дәстүрлерге баулу, рухани-адамгершілікке тәрбиелеу – күнделікті ойын барысында қалыптасады. Бөбекжайымыз  «Алтын сақа» жобасын жүзеге асырушылардың қатарында. Осы жобаны іске асыру барысында балалармен ұйымдастырылған барлық іс-әрекеттер, асық ойындарына бағытталған. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып жатыр. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар ішінде асық ойындары жас ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Ертеде халқымыз асықты жас кезінен бастап, тіпті сәби дүниеге келмей жатып жинайтын болған.

12 ақпан күні Қарағанды каласы КМҚК «Бақыт» бөбекжайында Қарағанды каласы Білім бөлімі ММ мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бөлімінің жылдық жоспарына сай «Алтын сақа» жобасын іске асыру арқылы креативті ойлауды дамытуда «Алтын асық қалмасын ұмытылып» атты инсентив-тур өтті. Шараны Қарағанды қаласы білім бөлімі ММ мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бөлімінің әдіскері Құралай Амангелді ашты. Шараға қаламыздың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері келіп, өз іс тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Халық даналығында «Ойнай білмеген, ойлай да білмейді, ойында озған  өмірде де озады» деген сөз бар. Аталы сөздің сырына жүгінсек, мектепке дейінгі кезеңдегі балалардың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп, есейгенде де өмірде жалғаса береді. «Балдырған» бөбекжайы ҚМҚК қазақ тілі мұғалімі Гүлжан Молдыбаева және педагог-психолог Жанар Алимханова «Ақылды асықтар» шеберлік сыныбын өткізді. Асық ойындарының бірнеше түрімен таныстырып, ұмыт болып бара жатқан ойындарды паш етті. «Бақыт» бөбекжайы КМҚК дене шыныктыру нұсқаушылары Сандуғаш Касимова, Асемкул Калибекова «Асық атты балақай, алшы түсті алақай» шебер сыныбы педогогтер үшін қызықты әрі тартымды болды. Ойнамайтын бала, қызықпайтын адам жоқ. Балалардың асық ойындарына деген қызығушылықтары келген қонақтарды бір серпіп тастады. Астана қаласы «Асық ойыны» федерациясы құрамына енген «Бесатар», «Қалашық» ойындарын бөбекжайымыздың мектепалды даярлық топтары инсентив-турға келген педагогтермен қызыға ойнады.

«Бір ойын – мың жылдық тарих» демекші, баланың зеректік тапқырлық, ойшылдық зияткерлік қаблеттерін талап ететін «Бес кеней» асық ойынының тұсауы кесілді. «Бес кеней» асық ойыны кішкентай бүлдіршіннің жас ерекшелігіне сай дайындалған ойын. Келесі кезекте педогогтер «Алшысынан түскен құнды зат» шығармашылық шеберханасында асықты пайдалана отырып түрлі әшекей бұйымдар мен асықтар биін билеп өз шеберліктерін көрсетті. «Сыр сақтаған асықтар» кезегінде бөбекжайымыздың педогог-психологы Маржанкул Адамбекова педогогтермен кері байланысқа шығып өз ойларын түйіндеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұйымшылдықпен бір кісідей семинарымыз өте жоғары деңгейде өтті деп бағаланды. Осының барлығы бірлігі мығым, берекелі орда, шығармашыл педагогтердің еңбегі деп білемін. Қазақ тілі мұғалімі Баян Мукушева, әдіскер Динара Джумажанова бастаған ұжымға шығармашылық табыс, береке-бірлік сәбилер шаттығын, еңбектің жемісін тілейміз. «Жас келсе, іске» демекші, аға буын тәрбиешілердің ізін жалғастырып, бала бойына ұлттық дәстүр, саналы білім мен сапалы тәрбие беріп жатқан жас мамандар музыка жетешісі Самал Омарова, тәрбиешілер Аяулым Ахметкәрім, Гүлім Қасымова, Жансая Калиоллаева, Гүлзада Мейрам, Ксения Адамның еңбектері жас та болса, өз мамандарының шебері, келешекте болашақтарынан үмітіміз зор. Асық ойындары – салауатты өмір салтын насихаттайтын, бойында намысы мен рухы жоғары отаншыл тұлғаларды тәрбиелейтін ерекше қазынамыз. Егер асық ойнау мәдениетін балабақшадан бастап, бастауыш сыныптармен ұштастырып, жеке тұлғаның қабілетіне қарай сапалы түрде дамытатын болсақ, өзінің болашағын ел болашағымен бірлікте ойлай алатын, бәсекеге қабілетті, салт-дәстүрді терең білетін, ұлттық дәстүрді ұлықтап, рухани құндылыктарға мән беретін саналы ұрпақтың өсіп, жетілетіне кәміл сенеміз.

Асығымыз алшысынан түссін!

З.Т.НЫГЫМЕТОВА,

КМҚК «Бақыт» бөбекжай директоры, педагогика ғылымдарының магистрі