Алты полигон ашылады

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында тұрмыстық қатты қалдықтар жиналатын 168 полигон бар екен. Әйтсе де облыс тұрғындарын қоқыс машақатынан құтқару үшін бұл аздық етуде. Сондықтан алдағы уақытта қосымша тағы алты полигон салу жоспарға қойылыпты. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев құрылыс жұмыстары келесі жылдарға жоспарланғанын айтты.

– Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару – Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасындағы басты тармақтардың бірі. Қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін арттыру үшін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында шаралар қарастырылған, – деп атап өтті спикер. – Қарағанды облысында сұрыптау желілері бар қосымша алты ҚТҚ полигонын салу жоспарлануда, олар Балқаш, Абай, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет және Нұра аудандарында болады.

Оның айтуынша, жобалар әуелі Абай мен Шет ауданында жүзеге асырылады. Жұмыстар ЖСҚ мемлекеттік сараптамасының қорытындысын алғаннан кейін басталады. Полигондар құрылысы 2024 жылы басталмақ.

Бақтияр Санбаев облысты көгалдандыру қалай жалғасатынын да айтты. Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында үйеңкі мен қараағаштың 1,3 млн көшеті отырғызылады.

Басқарма басшысы су қауіпсіздігі туралы сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, суды тиімді пайдалану үшін бассейндік инспекциялармен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен меморандум жасалған. Кәсіпорындар техникалық су тұтынуды азайтуға міндеттенеді.

 

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»