Алаяқтардың жаңа нысанасы – балалар
Цифрлық технологиялардың дамуы интернетті күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырды. Алайда оның мүмкіндіктерімен бірге қауіп-қатер де көбейіп келеді. Соңғы уақытта киберқылмыскерлердің басты нысанасына балалар айналып отыр. Мамандардың айтуынша, ересектер интернет алаяқтарының айласын біршама танып қалғандықтан, қылмыскерлер енді жасөспірімдерді алдаудың түрлі тәсілдерін қолдана бастаған. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыруда балалардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
Қарағанды облысының полиция қызметкерлері алаяқтардың көбіне балаларды онлайн ойындар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы алдайтынын айтады. Қаскөйлер ойын ішіндегі бонустарды, виртуалды сыйлықтарды немесе ерекше мүмкіндіктерді ұсынып, сенімге кіреді. Кейін олар ата-анасының банк картасының деректерін немесе жеке мәліметтерін алдап алуға тырысады.
Осындай жағдайлардың бірі жуырда 14 жастағы жасөспірімнің басынан өтті. Ол онлайн ойын барысында күмәнді сілтеме арқылы алаяқтардың арбауына түсіп, нәтижесінде телефоны қаскөйлердің бақылауына өткен. Кейін алаяқтар мессенджер арқылы хабарласып, құрылғыны бұғаттан шығару үшін ақша талап еткен. Алайда отбасы олардың талабына көнбей, тиісті мамандардың көмегіне жүгінген. Мамандар мұндай жағдайда ең бастысы – алаяқтардың айтқанын орындамай, бірден құқық қорғау органдарына немесе ресми қызметтерге хабарласу қажеттігін ескертеді.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы алаяқтардың балалардың сенгіштігін шебер пайдаланатынын айтады.
– Алдымен олар қарапайым әңгімеден бастайды. Кейін ойын ішіндегі бонустарды немесе бағалы сыйлықтарды уәде етіп, балалардан ата-анасының банк картасының деректерін жіберуді сұрайды. Осы мәліметтер арқылы ақша жымқыру әрекеттері жасалады, – дейді Қарағанды облысы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дінмұхамед Зияда.
Психологтардың пікірінше, интернет алаяқтары көбіне жасөспірімдердің қызығушылығы мен эмоционалдық әлсіздігін пайдаланады. Олар түрлі сыйлықтар ұсынып, сенімге кіріп, кейін қорқыту немесе бопсалау тәсілдеріне көшеді. Сондықтан балалармен киберқауіпсіздік мәселесін тұрақты талқылау маңызды.
Мамандардың айтуынша, ата-аналар балаларына интернетте жеке мәліметтерді жарияламаудың, бейтаныс адамдармен қаржылық тақырыпта сөйлеспеудің және күмәнді сілтемелерге өтпеудің маңызын түсіндіруі қажет. Сонымен қатар балалар қолданатын гаджеттерге ата-ана бақылауын орнатып, банк карталарына операциялық шектеулер қою да қауіптің алдын алуға көмектеседі.
– Баламен ашық сөйлесу – киберқауіпсіздіктің ең тиімді жолы. Оған интернеттегі қауіптерді түсіндіріп, жеке мәліметтерін жарияламауға және бейтаныс адамдармен қаржылық мәселелерді талқыламауға үйрету қажет, – дейді киберқауіпсіздік және IT сарапшысы Қалилалла Байтасов.
Мамандардың пікірінше, балаларды киберқылмыстан қорғау құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының да ортақ міндеті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында цифрлық сауаттылықты арттыру, балаларды интернет мәдениетіне баулу және қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйрету – қазіргі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осындай кешенді жұмыстар ғана жас ұрпақты интернет алаяқтарының арбауына түсуден қорғауға мүмкіндік береді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

