Алаяқтардың құрбаны болмаңыз

Биылғы жылдың 19 қыркүйегінде Қарағанды қаласы Полиция басқармасына дзюдодан 2009 жылғы Әлем чемпионы, 2011 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Максим Раков келген болатын. Түрлі байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, Қарағанды облысының атын жалпақ дүниеге танытқан спортшы полиция жұмысымен танысты. Сондай-ақ кең таралған интернет алаяқтыққа қатысты пікірін ортаға салды.

– Құрметті жерлестер, қазіргі таңда алаяқтарға арбалып, барынан айырылғандардың саны күн сайын артып келеді. Әсіресе интернет желісінде жымысқы ойын жүзеге асырып, талайды сан соқтырып кеткен әккі қулар бар. Сондықтан барынша сақ болыңыздар. Өздеріңіздің жеке құжаттарыңыз бен мәліметтеріңізді белгісіз тұлғаларға бермеңіздер, – деп үндеу жасады Максим Раков.

Азаматтық ұстанымын айғақтап, көп алдында жүрген тұлға ретінде қылмыстың белең алуына тосқауыл болуға ниет білдірген спортшыға Қарағанды қаласы Полиция бөлімінің бастығы Думан Қожахметов жеке құрам атынан алғыс білдіре отырып, ІІМ белгісі бар қолсағат пен алғысхат табыстады.

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ,

Қарағанды қаласының ПБ