Қалалық семинар
№21 Қарағанды орта мектебінің акт залында «Білімге құштар балаларды тәрбиелеудегі мектеп кітапханасының рөлі» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – ұлттық әдебиеттің үздік шығармаларын дәріптеу, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, рухани мұраны сақтау және отбасылық құндылықтарды нығайту. Шара қалалық білім бөлімінің әдістемелік жоспарына сәйкес ұйымдастырылды, оған қала мектептерінің кітапханашылары, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.
– Біздің мектебімізде қалалық білім бөлімінің жоспарына сәйкес, кітапханашылардың үлкен семинары өтті. Шара «Оқырман, отбасы, театр» деген атаумен өтуде. Бұл мектебіміздегі алғашқы семинар емес, әрдайым жоспар бойынша семинарлар өтеді, – дейді №21 мектеп директоры Нұрбол Күнеділов.
Шара бағдарламасы құндылықтарға бай әрі қызықты болды. Семинар барысында келесі шаралар өткізілді: Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасы бойынша театрландырылған қойылым, М.Мақатаевтың шығармаларын сахналау бойынша шеберлік сабағы, сондай-ақ Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының «Ұлы халықтың ұлы Абайы» және Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми кітапханасының «Мәңгілік мұра» сирек кітаптар көрмелері.
– Бұл семинардың мақсаты – еліміздің тарихын, салт-дәстүрін, мәдени мұраларымен әлем әдебиеті мен мәдениетін насихаттайды. Біз отбасымызбен өзіміз және мектептегі кітапханамен тығыз байланыстамыз. Біз кітапханамызды жақсы көреміз, – дейді 8 сынып оқушысы Кәусар Әділмаш.
Семинар соңында мектеп кітапханашылары «Еркін микрофон» атты ашық пікірталасқа қатысып, оқырмандармен жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»