ҚАЛАДАҒЫ ҚАНШАМА ЖОЛ САПАСЫЗ

Қарағандыда кепілдік берілген жолдардан ақау шықты. Қаласы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Майқұдықтағы Карл Маркс – Магнитогорская көшесіндегі жол жұмыстарының барысын тексеріп қайтты.

Жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер биылғы жылы Көгілдір тоғандар тұрғын аймағындағы жолды жөндеуді толық аяқтайды. Қазіргі күні жолды қалпына келтіру жұмыстарын тездету мақсатында 60 адам және 50 бірлік техника жұмысқа кірісті.
Бүгінгі таңда Майқұдықта жұмысшылар Винницкая көшесінің жолдарын қалпына келтіруде. Алдымен, асфальт төсеу үшін негіз дайындауда, кейін асфальттың үш қабатын төсеп, бүйір тастар орнатылады. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы жасалады, жарықтандыру тіректері орнатылып, бағдаршамдар, автобус аялдамалары және тағы да басқалары ауыстырылады.
Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс барысында 7-магистралдың күрделі жөндеу жұмыстарын да тексерді. Онда жаңа су құбырлары салынып, асфальт негізі өзгертілген. Сондай-ақ, қала басшысы Камали Дүйсембеков көшесінде де болып қайтты. Онда автожол құрылысы аяқталуға жақын. Жөндеуден өткен жолдың ұзындығы – 1,7 шақырым. Жұмыстың жалпы 98%-ы аяқталды.
Бұдан бөлек, Қарағандыда кепілдік берілген жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Қарағанды қаласындағы 118 жолдың сексенінде биыл жөндеу жұмыстары аяқталады. Қазіргі таңда арнайы мамандар дайын болған жолдарды тексеріп, жол төсемелерінің жарамдылығын анықтауда. Нәтижесінде 19 учаскеде кем-кетік табылып, ақаулары бар екені мәлімделді. Жауапты мердігерлер олардың барлығын жойып, жоспарды орындауға міндетті.

Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»