Қала әкімі Шахтерский кентінің тұрғындарымен кездесті
Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Пришахтинск ауданында орналасқан Шахтерский кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындар қала басшысына балабақша құрылысы, көшелерді жарықтандыру, жолаушылар көлігі және басқа да көптеген өзекті мәселелер туралы айтып берді. Е. Бөлекпаев барлық мәселелерді кезең- кезеңмен талқылайтынын және биылғы жылға арналған жоспарларымен бөлісетінін айтты.
Ермағанбет Қабдолұлы көктемде ауылдағы жаңа жылу желілерінің құрылысы басталатынын хабарлады.
— Биыл біз ең маңызды міндеттердің бірін шешеміз — 5,7 шақырым жылу желілері мен 12,393 Гкал/сағ сорғы станциясының құрылысын бастаймыз. Кенттің көп қабатты тұрғын үйлерін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету үшін 2017 жылы диаметрін ұлғайта отырып, М-8 жылу магистралі салынды. Алайда, жылу желілерінің болмауына байланысты жылытуды жүргізу мүмкін болмады. Қолайлы ауа-райының басталуымен біз жұмысқа кірісеміз, — дейді Е. Бөлекпаев.
Кентте барлығы 62 көпқабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 3 үй модульдік қазандықтан жылытылады, 3 үйде қазандық пеші бар, қалған 56 КПТҮ пәтерішілік жылыту және электр энергиясын пайдаланады. Қарағанды әкімі Шахтерский кентінің тағы бір маңызды мәселесі — электр қуатына қатысты түсініктеме берді.
— Электр энергиясындағы іркілістер өзекті мәселе болып табылады. Мәселе кезең- кезеңмен шешіледі. Өткен жылы Қарағанды Жарық компаниясы Шахтерский кенті, жаңа және ескі Тихоновка көшелерінің бір бөлігін «Энергокөмір» ӨБ теңгеріміндегі «Ашлярикская» қосалқы станциясынан өз станциясына ауыстыру бойынша жұмыс жүргізді. Сондай-ақ, 2021 жылы Тихоновка ауданында электр берудің кабельдік-әуе желілерін қоса отырып, 15 КТП салу бойынша жұмыстар басталды. «Қарағанды Жарық» компаниясының мәлімдеуінше, кент тұрғындары осы жылдың өзінде жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін сезінеді, — деді қала әкімі.
Ермағанбет Қабдолұлы кентті абаттандыру бөлігінде көп қабатты үйлердің аула аумақтары толық жабдықталғанын, ал ағымдағы жылы Донецкая, 75 көшесінде жаңа балалар ойын алаңы орнатылатынын атап өтті.
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»