Айып – баспаханадан

Құрметті оқырман, сізден газетіміздің 28 шілде күні жарық көрген №26 (66) санындағы қателік үшін кешірім сұраймыз. Иә, кеншілер шаһарының ақпаратын тарататын жалғыз қазақтілді газеттің ішкі беттерінің орыс тілінде жарық көруі – үлкен айып. Әрі ол беттегі ақпараттардың облыстық іргелі басылымдардың бірі – «Индустриальная Караганда» газетіне тиесілі болуы біздің имиджімізге айтарлықтай нұқсан келтірген-ді. Әйтсе де бұл олқылыққа «Qaragandy habary» газеті редакциясының кінәсі жоқ.

Мойындау керек, қазір газет шығару ісі айтарлықтай жеңілдеген. Әйтсе де машақаты көп. Ақпарат жинақтау, топтастыру, қатесін теріп, беттеу үлкен күшті қажет етеді. Бірақ газет дайын болып, баспаханаға жіберілген сәтте арқамыздан ауыр жүк түскендей рақаттанып қалатынымыз тағы бар. Әсіресе таңертең баспаханадан бояу иісі кетпеген газеттің жаңа санын алып парақтаған сәтте ерекше масаттанып, көңілімізге шаттық ұялайды. Бұл жолы да солай болуы тиіс еді. Жаңа нөмірді асыға күттік. Алайда көңілімізге қуаныш емес, кірбің ұялады. Газет қате шығыпты.

Дереу баспаханаға хабарласып, олқылық туралы хабар бердік. Ішкі тексеру жұмыстарынан соң қателік «Арко» баспаханасы қызметкерлері тарапынан жіберілгені анықталды. Яғни екі газет бір мезетте басылған. Түнгі ауысымда істейтін азамат біздің газеттің ішкі бетін орналастырар сәтте қателікке бой алдырып, «Индустриальная Караганда» басылымын салып жіберген. Оны ешкім байқамаған. Біз қателік туралы хабар беріп, баспахана тексеру жұмыстарын жүргізгенше, «Қазпошта» қызметкерлері жаңа нөмірді оқырмандарымызға таратып шықты.

Баспахана өз айыбын мойындады. Газетіміздің шілде күні жарық көрген №26 (66) саны қайта басылып, оқырманға таратылды. Дей тұрғанмен дәл осы аралықта газеттің қате нұсқасын алып, көңілі түскен жазылушыларымыз бар. Біз өз тарапымыздан осындай келеңсіздікке тап болғанымыз үшін барлық оқырманнан кешірім сұраймыз.

Қазақ баспасөзіне қолдау көрсетіп, әрқашан бізбен бірге болыңыздар!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

бас редактор