Айтпауды жөн көрген тарих парағы

Адамдар айтпауды жөн көрген өмірбаян парақтары. 31 мамыр күні елімізде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтті. Репрессия жылдарында Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам Қазақстанға жер аударылды. Талай адам қуғын-сүргіннің қыспағынан өтті, оның 20 мыңнан астамы атылды. Әйгілі қарағандылық суретші Владимир Проценко ата-бабаларының ауыр тағдыры туралы осыдан 2 жыл бұрын ғана білген.

Владимир Проценко – қарағандылық танымал суретші. Ол өзінің отбасы ХХ ғасырдың 20-50 жылдарында сұмдыққа негізделген жаппай саяси қуғын-сүргіннен құтылды деп есептеген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, Владимирге құпия парақтары ашылды.

– Әкем 12 жаста болған. Балалық шағында түрмеде отырған. Қолына салынған суреттері, жазулары болатын. Біз тату жайлы сұрағанымызда, «балалық шақтың қателігі» деп қана жауап беретін. Біз білмесін деп, өткен өмірін барынша жасыруға тырысқан. Әкемнің әпкесі болатын. Сол кісі маған хат жазды. Оқиғаны ашып айтыпты. 1941 жыл болатын, атамызды әскерге алып кетті. Бір жылдан кейін атамыздың із-түссіз жоғалып кеткені жайлы хабарлама келді. Үйге адамдар келіп, соңында қалған төрт бала мен әйелін Петропавлдағы түрмеге апарып тастаған, – дейді суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Владимир Проценко.

Осы оқиғадан кейін марқұмның әйелі мен төрт баласын «халық жауының» отбасы мүшелері» деп атады. Кейін күйеуінің майдан даласында қаза тапқаны белгілі болды. Владимир Проценко үшін қиындықтар мұнымен бітпеген. Екі жыл бұрын ол саяси қуғын-сүргін құрбандарының дерекқорын қарап шыққан.

– Атамның әкесі туралы ақпарат тауып алдым. 1937 жылы атамыз колхоз төрағасы болған, үш әріптің нұсқауымен «халық жауы» деп танылған. Кейіннен атылған. Мен тарихты кейін оқып білдім, кейін тағдырларының сынғанын, өмірлерінің қиын болғанын түсінесің, – дейді ол.

Владимир мұның бәрін әкесінен сұрай алмағанына өкінеді және өмірінің ең қиын парақтарын өмір бойы жақындарынан жасыру қандай қиын екенін елестете де алмайды.

– Әкелеріміз бізге бақыт тіледі, мейірімге бөленсін деді. Мұндай қиын жағдайлар біздің отбасымызда ғана емес, таныстарымыздың да басынан өткен. Қиындық көрген азаматтар балаларына тек жақсылық тіледі. Барлығы қорқынышта өмір сүрген, – деп атап өтті суретші.

Көптеген адам мұндай үрейді өмірінің соңына дейін алып жүрді. 1993 жылы Қазақстанда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды, оның мақсаты әділеттілік орнату болды. Осылайша тарих салған тағдыр таңдақтары тазартылды десе болады.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»