Қайтқан ақша қайда жұмсалады?

Былтыр жыл соңында шетелден 82 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат Қазақстанға қайтарылған. Нәтижесінде ел бюджеті 38 млрд теңгеге толығыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арқылы елге қайтарылған қаражат мектеп салу мен жөндеуге жұмсалмақ. Бұл туралы аталған ведомство төрағасының орынбасары Асхат Жұмағали әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі активтерді қайтару және келтірілген залалды өтеу жұмысын жалғастыруда. Агенттік төрағасының күнделікті үйлестіруімен жедел-тергеу құрылымдық бөлімшелерінің жолға қойылған жұмысы дәлелдемелерді уақытылы белгілеуге, бекітуге және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», – деп жазды Асхат Жұмағали.

Оның айтуынша, өзекті істер агенттік төрағасының жеке қадағалауында. Шетел асқан ел байлығы кері қайтарылып, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорына жіберіліп жатыр. Қазір арнайы шотта шамамен 120 млрд теңге жинақталған. Ол қаржы ел аумағында жаңа мектептер салуға және ескі мектептерді жөндеуге пайдаланылады.

Кезінде шетел асып, офшорларға тығылған қаражатты қайтару жұмыстары мұнымен шектеліп қалмайды. Бұл бағытта алда әлі талай жұмыс атқарылмақ.

Өз тілшімізден