АЙМАҚ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУЫ ҚАРҚЫНДЫ
Өңірде жыл басынан бері тұрғын үйді іске қосу қарқыны 20,2% өсті. Бұл 177 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді қамтиды. 1500-ден астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында аймақ экономикасын дамыту мәселелері талқыланған брифингіде баяндалды.
Құрылыс саласында жұмыстар мен қызметтер көлемі 1,5 есе өсіммен 59,3 млрд теңгеден асты. Жыл қорытындысында құрылыстағы көлемдердің 8,3% өсуі жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда 18,3% ұлғайып, шамамен 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар экономика өсуінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – бизнесті дамыту.
– Өткен жылы өңірлік өнім 8,4 триллион теңгені құрады. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы жалпы ішкі өнімнің жыл сайын 6 пайыз өсуі жөнінде нақты міндет қойды. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін облыстың даму жоспары бекітілді. Облыс экономикасының жоспарланған 2,5 пайыз өсуі резервтерді ескере отырып 6 пайызға дейін ұлғайтылды. Бірінші тоқсанның қорытындысында экономиканың өсу қарқыны 8,7 пайызды құрады. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімі 843 миллиард теңге көлемінде өндіріліп, 8,1 пайыз ұлғайды. Өңдеу секторында фамацевтика өндірісі, резеңке мен пластмасса бұйымдары, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп құрылыс индустриясы, металлургия және химия өнеркәсібі ұлғайды, – дейді Қарағанды облыстық экономика басқармасы Стратегиялық жоспарлау бөлімінің бас маманы Игілік Бексұлтан.
Жалпы 3 айда облыста екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. 4000-нан астам тұрғын жұмысқа орналасты. Өткізілген шаралар жұмыссыздық деңгейін 4,1%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берген. Бұл – республикадағы ең жақсы көрсеткіш.
– Он инвестициялық кейсті іске асыру есебінен жаңа өнеркәсіптер ашылып, 4 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. 2024 жылы облыс экономикасына 910 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарлануда. «Қазақмыс» және «Qarmet» жүйе құраушы кәсіпорындарының тұрақты жұмысының жаңа инвестициялық жобасын іске қосудың, оның ішінде «Сарыарқа» АЭА мен «Саран» ИА іске асырылатын жобаларының нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіпте өсу қарқынын 5,6 деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда, – деп атап өтті спикер.
Қарағанды облысына 4 моноқала (Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Абай) және 3 шағын қала (Саран, Қарқаралы, Приозерск) кіреді. Ағымдағы жылы моно және шағын қалаларды дамыту үшін 5 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат Балқаш қаласының жылу желілерін қайта жаңарту, Балқаш қалалық жағажайын қайта жаңартуға мүмкіндік береді. Қарқаралы қаласындағы жолды қайта жаңарту жұмыстары басталды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»