Аймақ дамуы айрықша назарда

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Сондай-ақ Теміртау және Саран қалаларында болып, монақалаларды дамыту, өндірістік қауіпсіздік мәселелерін көтерді.

Соңғы уақытта кенді аймақта төтенше жағдай салдарынан жазатайым оқиғалар көбейген. Бұған кеңес отырысында Премьер-министр де назар аударып, қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз ету бағытында шара қабылдауды тапсырды. Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, биыл облысты дамытуға 176 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Сондай-ақ республикалық бюджетті нақтылау аясында өңірге қосымша 48 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті.

– Бұл шығыстар инженерлік инфрақұрылымды және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға және өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталған. Әкімдік сапалы нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мен тиімді игерілуін қамтамасыз етуі қажет, – деді Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауы да назардан тыс қалмады. Үкімет басшысы бағаның жүгенсіз кетуіне жол бермеу үшін жоспарлы жұмыстар жүргізу қажетін еске салды. Ол үшін үстеме бағаларды бақылауды күшейтуді және «айналым схемасын», оңтүстік өңірлер мен таяу шетел фермерлерімен тікелей шарттарды, сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттарды қоса алғанда қолжетімді нарықтық тетіктерді белсенді қолдануды тапсырды.

Премьер-министр өңір экономикасын әртараптандырудың ең өзекті мәселе екенін атап өтті. Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 222 млрд теңгеге жуық сомаға 12 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ 874 млрд теңгеден астам сомаға тағы 34 жоба пысықталып жатыр.

– Бұл жобалар агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, металлургия, энергетика, құрылыс индустриясы және қағаз өнеркәсібі сияқты салаларда іске асырылады. Облыс әкімдігі барлық жобаны мерзімінде іске қосып, сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етуі қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдікке тағы да бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, жолдардың нормативтік жағдайын жақсарту, Жезқазған – Қарағанды автожолының учаскесін реконструкциялау жөнінде ЖСҚ әзірлеуді аяқтап, құрылыс-монтаждау жұмыстарын кезең-кезеңімен бастау, сондай-ақ Қарағанды қаласының тұрғын үй алаптарын жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу жобасын аяқтау бағытында ұсыныстар енгізу керек.

– Біз күш біріктіре отырып Қарағанды облысының дамуына атсалысуымыз керек. Халықтың әл-ауқатының артуы, өмір сүру сапасының жақсаруы осыған тікелей байланысты, – деді Әлихан Смайылов.

Үкіметтің баспасөз қызметі ұсынған ақпарат негізінде