«Айға қанат қаққандар»

Қарағандылық оқушы Арман Айтқалиев республикалық IQanat олимпиадасында биология пәні бойынша І орынға ие болды. Елорда төрінде өткен шараға еліміздің 164 ауылынан 750 оқушы қатысты. Зияткерлік сайысқа Қарағанды облысы атынан 34 ауыл оқушысы қатысып, аймақ намысын қорғаған.

Білім бәсекесінің қорытындысында 100 оқушы марапатталды. Олардың барлығы IQanat High School of Burabay-да білім алуға шақырту алды. Олардың қатарында қарағандылық төрт оқушы – Арман Айтқалиев, Нұрдәулет Қаблан, Игорь Салаватов және Иван Фатеев бар.

– IQanat High School of Burabay-ға грант ұтып алғаныма әлі де сене алар емеспін. Мен үшін бұл – тамаша мүмкіндік. Болашақта қандай маман иесі болсам да, ел тарихында өз есімімнің алтын әріптермен жазылатынына сенімдімін, – дейді биология пәнінен үздік нәтиже көрсеткен Арман Айтқалиев

Айта кету керек, IQanat қоры – ауыл балаларына арналған ең жоғары технологиялық мектептердің бірі. Зияткерлік сайыста ерекше көзге түскен балаларға IQanat High School of Burabay мектебінде сапалы білім алуға жолдама беріледі.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»