АЭС қауіпсіздігі
Атом электр станциясын салу экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді, қауіпсіздік мәселесі қалай ойластырылады? ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серікжан Байбосынов бұл мәселені еліміздің кей аумақтарындағы энергия тапшылығын болдырмас үшін өзімізде бар шикізатты қолданып, ішкі қажеттілікті ішкі әлеуетпен жабу жолы деп қарастыруға болатынын айтты.
Алдағы уақытта энергия тапшылығы жалпы Қазақстанда емес әлем бойынша туындауы да ықтимал екендігі айтылып жатыр. Дамушы мемлекеттер үшін экономиканы өрістету электр энергиясыз мүмкін емес дейді сарапшылар. Біздің еліміздің оңтүстік өңірінде тоқ қуатына тапшылықтың болуынан бүгінгі таңда энергия өндіруші кәсіпорын жасақтау қажеттілігі де қарастырылып жатыр. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ҚОФ директоры Серікжан Байбосынов қоғамда АЭС-тің тиімділігі жөнінде жан-жақты пікірлер айтылып жатыр, онымен қоса АЭС-тен болар қауіп-қатерлер ықтималдығы да сөз болуда дейді.
– Халықтың тарапынан қойылып жатқан сұрақтардың дені АЭС-тың экономикалық қаншалықты тиімді деген сұраққа, екінші оның қауіпсіздігі, үшінші экология. Оның ішінде бізде еліміздің су тапшылығын ескере отырып, қалай болады деген ойда бар. Үшінші енді жасыратыны жоқ, ескі Қазақстанда орын алған жемқорлық дүниеге байланысты, мынау халықта әлі де болса сенімсіздік бар. Осының бәрі осы сұрақтың төңірегінде, – дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ҚОФ директоры Серікжан Байбосынов.
Халықтың алаңдаушылығын білдіргені де орынды және АЭС салынған күнде осы айтылған халықтың ұсыныс тілектері де ескерілуі қажет, дейді спикер.
– Атом физикасы, ядролық физика мамандарының жалпы, атом саласында жүрген азаматтардың, ғалымдардың пікіріне сүйенсек, алаңдауға негіз жоқ. Себебі, қазіргі жаңа технология, суды көп тұтынбайтын жүйе қолданылады. Қауіпсіздік бағытында жұмыстар толығымен қолға алынады, бақылауда ұстайды деп айтуы, көңілге үміт ұялататыны рас, – деді ол.
Бұл жердегі тағы бір мәселе Қазақстан әлемде уран өндірісі бойынша жетекші орында. АЭС-тің уранның беретін энергиясы басқа энергия көздеріне қарағанда жоғары және көмір, мазут жағудан ауаға тарайтын зиянды қалдықтармен салыстырғанда АЭС-ті қолданғанда ауаға таралатын зиянды қалдықтар көлемі аз дейді. Сондықтан энергияны АЭС арқылы өндіру маңыздылығы айтылуда.
– Мен маман ретінде айтарым, ол өте қажет. Үлкен энергетикалық блок болайын деп отыр. Біз энергетикалық бейтарап болмаса тәуелсіз мемлекет болуымыз керек, энергетикалық тұрғыда. Ал енді біреуден сатып алатын болсақ, әр уақытта тәуелді боламыз. Енді көбінесе біздің Қазақстан, уранға өте бай. Бұл жөнінде еліміз бірінші орында тұр. Ол өндіреді де, өндіріп те жатыр. Сол өндірген өнімдерінің бәрін сатып та жатыр. Ол бірінші мемлекет. Ал енді, сондай байлықта тұрып, біз неге өзіміздің АЭС салып, әрі қарай жалғастырмаймыз? Бұл екінші сұрақты тудырады, – деп атап өтті ҚарЗУ физика техникалық факультетінің профессоры Бекболат Нүсіпбеков.
Шикізат бар. Ендеше соны неге тиімді қолданбасқа дейді, энергетик мамандар. Әлем бойынша энергияға деген сұраныс күн өткен сайын арта түскен қазіргі дәуірде, өзімізде бар шикізатты қолданып, ішкі қажеттілікті ішкі әлеуетпен жабу мәселесі бұл күнде жан-жақты талқылануда.
ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»