АЭС: Қалдықтар қауіпсіз жерде сақталады
Қазақстанның атом энергетика, ядролық физика салаларында жарты ғасырлық тарихы бар. Ал 2011 жылдан бері бұл мамандықтар бойынша 1600-ден астам студент білім алып, осы салада табысты еңбек етіп жүр. Елімізде АЭС салуға қатысты мамандардың пікірі қандай? Атом реакторлары шығаратын радиоактивті қалдықтардың көлемі қанша? Олар қалай утилизацияланады?
Референдум жақындаған сайын АЭС салуға қатысты пікірталас қыза түскендей. Көпшілікті толғандыратыны кадр мәселесі. Мамандар бұған алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені Қазақстан бұл саланы қашаннан меңгерген.
Денис Зарва, ҚР Ұлттық ядролық орталығы бас инженерінің орынбасары:
Атом энергетика саласы бізге таңсық емес. Қазір Қазақстан уран өндіріп, өңдеп келеді. Ядролық жанармай шығарамыз. Оның үстіне Курчатовта екі, Алматыда бір зерттеу реакторы жұмыс істеп келеді.
Елдегі осы үш зерттеу реакторында 400-дей маман қызмет етеді. Бұл солардың бірі Алматыдағы реактор.
Жақсылық Тезекбаев, Алматы ядролық физика институты бас инженерінің орынбасары:
57 жыл бойы біздің реактор үздіксіз жұмыс жасауда. 57 жыл ішінде ешбір оқыс оқиға болған емес. Реактор көп салалы. Физика, фундаментальды физика, ауылшаруашылығы жағынан зерттеулер жүргіземіз. АЭС энергия өндірсе, реакторда ғылым білім жағынан жұмыс жасаймыз.
Кадр мәселесіне қатысты сұрақтың туындауы заңды. Өйткені АЭС салынып жатса, 2000 маман қажет болады. Дегенмен елде 19 мыңға жуық адам осы атом саласында жүр. Әрі жарты ғасырдан астам жұмыс істеп тұрған үш реактор АЭС пен 95 пайызға ұқсас. Яғни кадрларды дайындайтын база бар, — дейді мамандар.
Данияр Жансейітов, Алматы ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері:
Біздің институттың көмегімен қазір ядролық физика, ядролық физика жаңа материалдары, атомдық энергетика мамандықтары бойынша ҚазҰУ, ЕҰУ, Өскеменде екі мемлекеттік университетте біз осы үш мамандық бойынша институт мамандарының көмегімен үш сатылы білім беру жүйесінде студенттер дайындап жатырмыз.
Жанар Рақымжанова, С.Аманжолов атындағы ШҚО мемлекеттік университетінің ректоры:
Шет мемлекеттің мықты осы мамандарды даярлайтын университеттермен серіктесітігіміз бар. Меморандум қойылған. 2017 жылдан бастап қос дипломды білім беру бойынша мамандар даярлап келеміз. Сондықтан мамандарды даярлауға толық мүмкіншілігіміз бар.
Жұртты алаңдататын тағы бір мәселе атом станциясы шығаратын радиоактивті қалдықтар. Сала мамандарының сөзінше оның көлемі кейбіреулер айтып жүргендей анағұрлым көп емес. Әрі қоршаған ортаға зиян болмайтындай олардың химиялық құрамы өзгертіліп, көміледі.
Ерболат Қоянбаев, Атом энергиясы институты директорының орынбасары:
Сіз мысалы үйден қоқыс шығарасыз. Бір отбасы жоқ дегенде бір шелек қоқыс шығарады. Жылға шақсаңыз 1,8 текше метр қоқыс шығарасыз. Ал 30 отбасы бір подъезде тұратын сонда 50 куб қоқыс шығарады. Реактор да бір жылда сондай ғана шығарады.
Қазір АЭС салынуы мүмкін деп екі жер қарастырылып отырғаны белгілі. Ол Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Абай облысындағы Курчатов қаласы. Бірақ нақты шешім референдумда жұрт АЭС құрылысын қолдайтын болса ғана қабылданбақ.
Досжан Маратұлы
https://qazaqstan.tv/news/199850/