Адамзат тарихындағы алапат эпидемиялар

Осыдан екі жыл бұрын пандемия енді басталып жатқанда, «коронавирус» деген сөздің өзінен шошитынбыз. Қазір туыстарымыз бен таныстарымыздың араға күн салып о дүниеге аттанғаны да ұмытыла бастағандай. Құдай бетін аулақ қылсын, әрине.

Дегенмен бұл коронавирусыңыз да итжанды вирус екен. Бір түрден екінші түрге айналудың хас шебері ме дерсіз. «Омикрон» болып, басқасы болып арамызға жиі соғатыны бар. Төрткүл дүние көз тіккен дәл осындай қауіпті эпидемия бұрын-соңды болды ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

  1. 1331-1353 жылдар аралығында Солтүстік Америка, Африка, Еуропа және Азия елдерінде «Қара өлім» атымен таралған оба ауруынан шамамен 75-200 млн адам көз жұмған.
  2. 1918-1920 жылдар аралығында «А» вирусты тұмауының асқынған түрі қатты белең алған. Таралу картасы әлемнің барлық бұрышында тіркелген. «Испанка» деп аталған бұл эпидемиядан 30 млн мұғдарындағы адам баласы қырылған. «Испанка» аталу себебі – ауру ошағы Испаниядан шыққан деседі.
  3. 1960 жылдан қазіргі күнге дейін ЖИТС жұқтырған адам саны жер шарында 30 млн-нан асып жығылады деседі.
  4. 541-542 жылдар аралығы. Яғни екі ғасыр бойы жер шарының әр нүктесінде тіркелген «Юстиниан обасы». Бұл – сол замандағы өркениетті елдердің барлығында қағаз бетіне жазылып, тарихқа қашалып жазылған ең бірінші эпидемия. О баста Эфиопия мен Мысырдан шыққан бұл оба сауда жолдары арқылы сол кездегі Константинопольге жетіп, одан әрмен қарай тарай берген. Қаза болған адам саны 25-50 млн.
  5. 5-15 млн аралығындағы адамды жалмаған тағы бір эпидемия 1545-1548 жылдар аралығында Мексикада тіркелген. «Коколицтли эпидемиясы» деп аталатын бұл ауруды таратушы – Salmonella enterica вирусы. Тап осы вирус Мексикада 1576-1580 жылдар аралығында қайталанған. Бұл жолы көз жұмғандар саны 2-2,5 млн адам шамасында деп көрсетілген.
  6. 1957-1958 жылдары жер шарының барлық нүктесінде тіркелген «Азия тұмауы» 2 млн адамның өмірін жалмаған. Ауру таратушы вирус – «А» тұмауы.
  7. 1852-1860 жылдары Ресей аумағында холера вирусынан таралған «Холераның үшінші індетін» де айта кетуіміз керек. Ауру жұқтырып көз жұмған адам саны 1 млн-ның ар жақ, бер жағында.
  8. 1889-1890 жылдар аралығында бастауын Ресейден алып, бүкіл әлемге таралған «Орыс тұмауы» да 1 млн адамды о дүниеге аттандырған.
  9. 1968-1969 жылдар аралығында «А» тұмауынан бастау алып, «Гонконг тұмауы» атауымен бар әлемге танылған эпидемиядан 1 млн адам көз жұмған.
  10. 1899-1923 жылдар аралығында Африка, Азия және Еуропаның біраз елінде білінген «Холераның алтыншы індетінен» 800 мыңдай адам көз жұмған.

Бұл эпидемиялардың қатарына қазақстандықтарға етене таныс шошқа тұмауын да қосуға болады. 2009 жылы осы вирустың кесірінен 500 мыңға жуық адам көз жұмған екен.

Қарағандылықтар үшін Шет ауданының Тұмсық ауылында вирус белгісі шығуымен есте қалған құс тұмауын қалай ұмытармыз? 2003 жылы әлемде бұл тұмаудан 227 адам көз жұмыпты. Сонау Африкадан шықса да, түпкі ауылдардағы қазақтардың өзін шошытқан «Эбола» вирусының кесірінен 2013-2016 жылдар аралығында 11 300 адам қайтыс болыпты.