АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАШЫСЫ
Жанымыз бен тәніміз ауырса, іздейтін адамымыз – дәрігер. Бұл ең көне мамандық болғанымен, қазақ ортасынан тұңғыш әйел дәрігер тек XX ғасырда ғана шыққан. Содан бері қазақ қыздары ортасынан медицинаның түрлі сала мамандары шыға бастады. Қазіргі таңда педиатрдан бастап кәсіби хирургтер арасында да нәзік жандылар бар.
Қарағандылық Анар Әбдіханова – өмірін осы медицина саласымен байланыстырғандардың бірі. Ол ең ауыр, бірақ қоғамға пайдалы жолдың бірін таңдаған. Анар – Облыстық балалар клиникалық ауруханасында онкогематолог. Жылына әлемде 200 мыңнан астам бала қатерлі ісік дертіне шалдығады. Қарағанды облысында 180-нен астам сәби онкогематологиялық дертпен диспансерлік есепте тұр. Ал онкологиялық дәрігерлер бар болғаны екеу ғана. Анар Әбдіханованың бұл салада жүргеніне 16 жылдан асқан.
– Менің әкем мен анам Қарағандыда тұрса да, мен Жаңаарқада ата мен әженің қолында өстім. Ауылда мал ұстаймыз ғой. Бірде атамның укол егіп мал емдеп жүргенін көріп қатты қызыққанмын. Содан бастап дәрігер болуды армандадым. Сегізінші сыныпта әдебиет сабағында «Менің болашақ мамандығым» тақырыбында шығарма жаздық. Сол шығармада дәрігер болатынымды жазып едім. Өсе келе арманым мақсатыма айналды. Бұл салаға адамдарға көмектессем деген үлкен мақсатпен келдім, – деп бөлісті Анар Әбдіханова.
Онкология – медицинадағы ең қиын саланың бірі. Қазақстанда 4 мыңнан астам бала қатерлі ісікке шалдыққан. Онколог дәрігер оның барлығының себебін анықтап, нақты ем-шара тағайындауы қажет. Анар Әбдіханованың айтуынша, бұл салада жүрегі нәзік жан шыдай алмайды.
– Онкологияда жұмыс жасау өте қиын, оның ішінде балалар онкологиясы ерекше ауыр. Себебі нәрестелердің қатерлі ауруға ұшырағанын көзіңмен көресің. Мұның барлығы моральдық әрі психологиялық жағынан жүрекке ауыр. Облыс көлемінде екі ғана балалар онкологі бар. Дегенмен екінші дәрігердің қызмет жасағанына енді үшінші жылға аяқ басты. Ол емханада балаларды қабылдайды. Ал мен бөлімшеде жалғыз жұмыс істеймін. Сонымен қатар Қарағанды облысы бойынша штаттан тыс онкогематолог маманмын. Күніне қаншама бала көзі жәутеңдеп алдыңа келеді. Бәріне бірдей көмектескің келеді. Бір өкініштісі, кейде ата-аналар ауру белгілеріне бірден назар аудармай уақыт өлтіріп алып жатады, – дейді маман.
Балалар ортасында ең көп тараған онкогематологиялық аурудың бірі аққан деп аталады. Лейкозбен жылына орталыққа 12-14 бала келеді екен.
– Бұл аурудың алдын алудың жалғыз жолы – жиі тексеріліп тұру. Қан анализін жергілікті ауруханада жылына 2-3 рет тапсырып тұру қажет. Баланың терісі бозарып, тәбеті қашып, мұрнынан жиі қан ақса, бірден дәрігерге жүгіру қажет. Кейбірі қызылша, анар беріп үйден емделеміз деп ойлайды. Бұлай істеуге болмайды. Қалай болған жағдайда да, дәрігерге барып міндетті түрде тексерілу қажет, – деп атап өтті ол.
Анар Әбдіханованың айтуынша, жеке өмірде жолы болған. Жұмысы ауыр болғанымен, жақындары әр кез жанынан табылады.
– Отбасылық өмірімде барлығы жақсы. Отбасым да, жолдасым да, балаларым да жұмысыма түсіністікпен қарайды. Шаршаған кезімде қолдаушым да – осы жақындарым. Тұрмыстамын, екі қызым бар. Бүгінгі күнге дейін бірінші Алла, екінші анамның қолдауымен келемін, – дейді маман.
Өзгелердің ауруына араша болып жүрген жан өз денсаулығына да бейжай қарамайды. Бос уақытында спортпен айналысқанды жақсы көреді. Оның ішінде зумбаны ерекше ұнатады екен:
– Спорт – денсаулық кепілі ғой. Зумбадағы би қимылдары жаттығуды көңілді әрі қызықты етеді, демалуға және стресті азайтуға ықпал етеді. Жұмыстан шаршағанда әуен қойып билеп алу көңілімді көтереді.
Анар Әбдіханова – Ұлытау облысына қарасты Атасу кентінің тумасы. Медицинаға мамандық деп қана қарамайды, бар өмірін осы салаға арнап келе жатыр. Соңғы 15 жылда әлемде қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны 20 пайыз өскен. Олардың үлесі Қазақстанда да көбейіп келеді. Бірақ елімізде тек Алматы мен Астана қалаларында ғана балаларға арналған онкологиялық емдеу орталықтары бар. Анар Әбдіханова болашақта қызмет саласына орай біліктілігін арттыруды қалайды.
– Мамандығымды өте қатты жақсы көремін. Балалар әр түрлі диагнозбен келіп жатады. Анемиядан бастап онкогематологиялық аурулардың қаншама түрі бар. Олардың емделгенін көріп өзімді ерекше сезінемін. Біреуге көмектесу жүрегімді қуанышқа бөлейді. Бұл жұмыс қиын болғанымен, қоғамға тигізер пайдасы көп деп ойлаймын. Әрі балалардың жазылғанын көріп, ата-аналардың разылығын естіп барлық шаршағаныңды ұмытып кетесің, – дейді маман.
Анардың ендігі мақсаты – Кореяға барып білімін жетілдіру. Осы арқылы қарағандылық сәбилердің өмірін арашалауға тағы да бір қадам жасау. Дәрігерлердің қоғамдағы рөлі ерекше, көтерер жүгі де басқалардан ауыр. Оның ішінде осындай қайсар арулардың ерлігін ерекше атап өту керек.
Қазіргі таңда дәрігер мамандығын ер кісілерге қарағанда әйелдер көбірек меңгереді. Алайда бұрынғы кезде дәрігерлік жолды таңдау тек ер адамдарға ғана рұқсат етілген. Гүлсім Асфендияровадан бері қазірге дейін медицинада қазақ қыздары өз жолын өз қолдарымен салып келеді. Майданда жауған оқтың астында жаралы сарбаздарды өздері арқалап жүріп емдеген арулардың жалғасы – осы Анар Әбдіхановалар.
Нұрәсем АХАН, «QH»