Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация
Күзден бастап 9-14 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салынады. Осы арқылы жатыр мойны обырының алдын алуға болатынын айтады мамандар. Себебі елімізде жылына 1 900-ге жуық қыз-келіншектен қауіпті дерт анықталады. Соның 600-і көз жұматын көрінеді. Дәрігерлер аурудың жылдан-жылға жасарып жатқанына алаңдаулы. Жыл сайын әлемде жатыр мойны обырынан 340 мыңнан астам әйел көз жұмады. Ең көп таралған бұл сырқат төртінші онкологиялық ауру болып есептеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қыздарды ерте жастан вакциналау қажет деп санайды.
Аталмыш вирустың қауіптілігі және сақтану жолдарын білу мақсатында Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері, Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Залыгин Юрий Леонидовичпен сұхбаттасып көрдік.
– Юрий Леонидович, адам папиллома вирусы дегеніміз не?
– Адам папиллома вирусы – әр түрлі органның терісі мен шырышты қабығын, атап айтқанда, жатыр мойны немесе аногениталды аймақты зақымдайтын вирус. Кей жағдайда сүйел тәрізді өсінділер инфекция папилломалардың пайда болуына әкеледі. Адам папиллома вирусының 200-ден астам түрі бар, әрбір түрінің өз нөмірі болады және ол табылған ретпен тағайындалады. АПВ-ның 16 түрі қауіпті түрлер қатарында, олар шырышты қабаттар арқылы таралады және жатыр мойны немесе басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін. Төмен қауіпті АПВ түрлері кең таралған табан астындағы сүйелдерді, жыныс мүшелерін немесе сирек жағдайларда тыныс алу жолдарындағы папилломатозды өсінділерді, дауыс бұзылыстарын тудыруы мүмкін. АПВ туындататын сырқат түрлері де бар. АПВ-ның әр қилы түрлері дененің әр түрлі бөлігіне әсер етеді және әр түрлі ауруға, соның ішінде қатерлі ісікке, жыныс мүшесінің немесе тыныс алу органдарының ауруларына әкеліп соғуы мүмкін. Жатыр мойны обырының барлық дерлік жағдайы, қынап пен жыныс мүшесінің қатерлі ісігінің көпшілігі, бас пен мойынның кейбір ісіктері АПВ-дан туындайды. Жатыр мойны обырының 10 жағдайының 7-еуі АПВ 16 немесе 18 типтерінен туындайды. Жыныс сүйелінің 10 жағдайының 9-ы АПВ 6 немесе 11 типінен туындаған. АПВ сонымен қатар қайталанатын респираторлық папилломатоз деп аталатын сирек ауруды тудыруы мүмкін, бұл жаңа туған нәрестелердің тыныс алуын қиындататын, көмейдегі тыныс алу түтігінің өсінділеріне жатады.
– АПВ қалай таралады?
– АПВ жұқтырған адамның терісімен, шырышты қабаттарымен немесе дене сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы беріледі. АПВ вирусы бір адамнан екінші адамға мынадай жолдармен беріледі:
1) Байланыс және тұрмыстық әдіс. Яғни қол алысу, сүйісу немесе тері арқылы берілуі мүмкін. Вирус ылғалды ортада тез таралады, сондықтан қоғамдық орындарға (сауна, ванна, спортзал, дәретхана, бассейн) барған кезде абай болу керек;
2) Жыныстық қатынас. Вирустардың жыныстық жолмен берілетін онкогенді түрлері жыныс мүшелеріндегі сүйелдерден туындайды;
3) Туған кезде. Вирус анадан балаға туу каналы арқылы өту кезінде беріледі. Сүйелдер көбінесе алғашқы жылдарда нәрестенің аузында немесе терісінде пайда болады;
4) Өзіне-өзі жұқтыру арқылы. Жиі қырыну немесе эпиляция кезінде АПВ дененің бір аймағынан екіншісіне ауысады.
– АПВ инфекциясы қаншалықты кең тараған?
– АПВ инфекциясы – әлемдегі ең таралған инфекция. Әрбір адамның АПВ жұқтыру мүмкіндігі 80%, яғни шамамен 10 ер мен әйелдің 8-і өмірінің белгілі бір кезеңінде АПВ вирусының бір немесе бірнеше түрін жұқтырады. АПВ инфекциясының таралуы әсіресе 25 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерде байқалады.
– Жатыр мойнының обыры қаншалықты жиі кездеседі?
– Жатыр мойны обыры – әйелдерге әсер ететін ең көп таралған қатерлі ісік түрлерінің бірі. Жыл сайын дүниежүзінде жатыр мойны обырының шамамен 600 000 жағдайы тіркеліп, осыдан 300 000 адам қайтыс болады.
Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1 900-ге жуық фактісі тіркеледі немесе күн сайын жатыр мойны обырының 5-еуі анықталады. Жыл сайын бұл дерттен 600-ден астам әйел қайтыс болады, басқаша айтқанда, күніне 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Қазақстанда жатыр мойны обыры 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісік патологиялары арасында 2-орында тұр.
– Жатыр мойны обырының қандай қаупі бар?
– Ең маңызды қауіп факторы – аса қауіпті АПВ түрінен туындаған инфекция (90% жағдайда). Басқа қауіп факторларына ерте жүктілік, үш немесе одан да көп толықмерзімді жүктілік, темекі шегу, әлсіреген иммундық жүйе, ЖИТС инфекциясы немесе жыныстық жолмен берілетін басқа инфекциялардың болуы жатады.
– АПВ вакцинасын не үшін алу керек?
– Вакцинация қатерлі ісік тудыруы мүмкін аса қауіпті АПВ түрлерінен қорғайды. Жатыр мойны обырының қаупін АПВ вакцинациясы және жатыр мойнын скринингілік тексеру арқылы айтарлықтай төмендетуге болады. Ерте жаста, яғни 9 жастан бастап вакцина алған адам қатерлі ісік тудыруы мүмкін аса қауіпті АПВ түрлерінің көпшілігінен қорғалған. Жатыр мойны обыры ерте кезеңде анықталса да, әйелдердің өміріне қатты әсер етеді. Жатыр мойны обырын емдеу қиын және өлімге әкелуі мүмкін. АПВ вирустары жыныс мүшесінің, бас пен мойынның қатерлі ісігін тудыруы мүмкін, сонымен қатар жыныстық сүйелдердің пайда болуына себеп болуы мүмкін.
– Әлемдегі АПВ вакцинациясын енгізу тәжірибесі туралы айтып өтсеңіз?
– АПВ вакциналары 2006 жылдан бері бар. Алғашқы төрт валентті АПВ вакцинасы (АПВ төрт түріне қарсы) 2006 жылы, бірінші биваленттісі (екі түріне қарсы) 2007 жылы және тоғыз валенттісі (тоғыз түріне қарсы) 2014 жылы пайда болды.
– 2006 жылдан бастап бірінші АПВ вакцинасы енгізілгеннен бері бүкіл әлем бойынша 100 миллионнан астам адам егілді, 270 миллионнан астам вакцина дозасы енгізілді. Әлемнің 135 елінде АПВ-ға қарсы вакцинация қыздарға, ал кей жағдайда ұлдарға арналған жоспарлы вакцинация күнтізбесі аясында жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық аймағындағы 45 ел АПВ вакцинасын енгізді, жыл сайын көптеген ел енгізеді. Бұрын АПВ вакциналарын енгізген елдер, атап айтқанда, Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Жаңа Зеландия, Норвегия, АҚШ, Швеция және Швейцария вакцинацияның оң әсерін көрсете білді. АПВ вакцинасын қолдану деңгейі жоғары елдерде АПВ инфекциясы мен жатыр мойны патологиясы көрсеткіштерінің айқын төмендеуі байқалады. Көрші елдерден АПВ егу бағдарламасы 2019 жылдан бастап Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия және Молдовада жүзеге асырылуда.
– Елімізде кім АПВ екпесін алуы керек? Және қандай екпе қолданылады?
– Қазақстанда 2024 жылдың күзінен бастап 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе егіледі деп жоспарлануда. ДДҰ 9-14 жас аралығындағы қыздарға вакцинацияға басымдық беруді ұсынады. Бұл жастағы вакцинация ең күшті иммундық жауапты қамтамасыз етеді және егер вакцина ерте жаста енгізілсе, ең тиімдісі де – сол. Вакцинация 6 айлық аралық арқылы салынатын 2 дозадан тұрады және мектептердің медициналық кабинеттерінде және ата-аналардың қалауы бойынша тіркелген жердегі емханалардың егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Қарсы көрсетілімдер болмаған кезде, вакцинация дәрігердің тексеруінен кейін ата-анасының немесе қамқоршыларының келісімімен жүргізіледі. Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген төрт валентті вакцина пайдаланылатын болады, оның құрамында АПВ 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғанысы бар, сонымен қатар жоғары онкогендік қауіпті АПВ типтері 31, 33, 45 қорғанысы бар. АПВ вакциналарында тек вирусқа ұқсас бөлшектер және вакциналар мен басқа да дәрілерде жиі кездесетін басқа компоненттер (ингредиенттер) бар. Вирусқа ұқсас бөлшектерде вирустың өзінен ешқандай генетикалық материал жоқ.
– АПВ-ға қарсы вакциналар қауіпсіз бе? Оның тиімділігі қандай?
– Иә, барлық АПВ вакцинасы қауіпсіз және ең жақсы тексерілген вакциналардың бірі саналады. Әрбір АПВ вакцинасы клиникалық сынақтарда қауіпсіздігі мен тиімділігі жағынан мұқият сыналған, содан кейін ол тіркеліп, көпшілікке қолжетімді болады. Вакцинаны енгізген әрбір ел вакцинаның қауіпсіздігін де қадағалайды. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі де тәуелсіз бағалау жүргізіп, АПВ вакциналары қауіпсіз әрі тиімді деген қорытындыға келді. АПВ вакциналары бірқатар елде тиімділігін дәлелдеді. Мәселен, АҚШ-та вакцина енгізілген 11 жылдан кейін 13-26 жастағы нәзік жандылар арасында АПВ таралуы 81% төмендеген.
– Вакцина алғаннан кейін оның зардаптары мен салдары болуы мүмкін бе?
– Вакцинациядан кейін инъекция орнында ауырсыну, қызару немесе ісіну, бас ауруы немесе аздап қызба сияқты дененің жеңіл реакциялары орын алуы мүмкін. Олар әдетте бірнеше сағаттан бір күнге дейін созылады.
– АПВ вакцинациясы ұзақмерзімді жанама әсерлер туғыза ма?
– Жоқ. АПВ вакциналары фертилділікке әсер етпейді. Керісінше, әйел денсаулығын қорғайды. Алғашқы АПВ вакцинасы 2006 жылы тіркелгенге дейін жүргізілген клиникалық сынақтар, сондай-ақ қауіпсіздік мониторингісі және оны енгізгеннен бері жүргізілген зерттеулер вакцинаның әйелдерде репродуктивті проблема тудырмайтынын растады. Шындығында, АПВ вакцинасы қатерлі ісікалды өзгерістерінің және АПВ тудырған жатыр мойны обырының алдын алады. Жатыр мойнының ісікалды зақымдануын хирургиялық емдеу әйелдің жүкті болуын қиындатады, ал консервативті емдеу немесе жүктілік кезінде хирургиялық араласу мерзімінен бұрын босануға және ұрықтың жоғалуына әкелуі мүмкін. Жатыр мойны обырын емдеу – жатыр мойны мен жатырды алып тастау, химиотерапия немесе сәулелік терапия. Сонымен, бүгінгі күні жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді әдісі – АПВ-ға қарсы вакцинация! Сондықтан мен ата-аналарға дұрыс шешім қабылдауға кеңес беремін. Ал қыздарымызды жатыр мойны обыры сынды ауыр дерттен сақтайтын профилактикалық екпе жасау – дұрыс шешім.
– Пайдалы ақпаратыңыз үшін рақмет!
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»