Абайлаңыз, Қышыма!

Қышыма – теріге қышыма кенесі (Sarcoptes scabiei) жұққанда пайда болатын жұқпалы паразиттік ауру. Қышыманың қоздырғышы өте кішкентай және жай көзге көрінбейді. Кенелер теріге тез еніп, терінің мүйізді қабатын тесіп, жұмыртқа салатын орамалы қозғалыстар жасайды (1 см-ге дейін). Олардан жыныстық жетілген паразиттерге айналатын дернәсілдер шығады.

Негізгі белгілері – тері қышуы түнде күшейеді (адам демалып жатқанда, кене белсенді болады). Қышу – қышыма кенесіне және оның терідегі өмірлік белсенділігіне аллергия. Зақымданудың ауқымдысы балалардағы қышымамен ерекшеленеді. Қышыма белгілі бір аймақтардың (саусақ салалары, буындар, шынтақ буындары, іш, кеуде бездері және басқалары) зақымдалуымен сипатталады, жас балаларда аяқ, табан, алақанда, бет пен бас терісінің ішкі жиектерінде көрінеді. Зақымданған орындарда бөртпе тәрізді ұсақ қызғылт көпіршіктерден тұратын сызат пайда болады. Инкубациялық кезең 7 күннен асады, сондықтан инфекция көзін анықтау қиын. Қышымаға иммунитет жоқ, оны бірнеше рет жұқтыруға болады.

Асқынулар. Қышыну кезінде инфекция жараға еніп, іріңді элементтерге әкелуі мүмкін. Неғұрлым ауыр асқыну – терінің экзематозды реакциясы, салдарынан экземаның ауыр түріне айналуы мүмкін.

Таралу жолдары. Қышыма таралуының негізгі жолы – отбасылық-тұрмыстық байланыс. Жұқтыру кененің ауру адамнан сау адамға берілуіне байланысты, тікелей байланыста және жалпы пайдалану заттары (ішкиім және төсек-орын жабдықтары, киім, гигиеналық заттар (сүлгі, жөке), ойыншықтар және т.б.) арқылы таралады. Аурудың таралуына адамдардың көп жиналуы, нашар санитариялық-гигиеналық жағдайлар және халықтың гигиеналық дағдыларының жеткіліксіздігі ықпал етеді.

Профилактика. Кей жағдайда қышыманы аллергия немесе невроз деп қабылдайды және науқастар өзін-өзі емдей бастайды. Мұндайда көбінесе аурудың сыртқы белгілері жойылып, кенелер науқастың терісінде қалады және көбейе береді. Сондықтан кәсіби медициналық көмекке жүгіну тек жағымсыз аурудан арылу үшін ғана емес, сонымен қатар туыстарыңыз бен жақындарыңызды қышымадан қорғау үшін қажет. Қышыманы емдеумен дерматолог айналысады. Қышыма басталмаған кезде және асқынулар болмаған жағдайда оны емдеу оңай.

Жұқтырудан сақтанудың ең жақсы шарты – тазалық дағдылары, жеке гигиенаны сақтау, өз денсаулығы мен балалардың денсаулығына назар аудару, үйде де, қоғамдық орындарда да тазалық сақтау. Жақын қарым-қатынаста абай болу керек. Ұжымда науқас анықталған жағдайда, осы ұжымның барлық адамы тексеруден өтуі және қажет болған жағдайда емделуі керек.

Сондай-ақ үй жануарларын үнемі тексеріп отыру керек, егер оларда тері аурулары болса, ветеринарлық мекемелерге жүгіну қажет.

Емдеуден гөрі инфекцияның алдын алу әлдеқайда оңай және пайдалы екенін ұмытпаңыздар!

Сәтбай А.С.,

Әбдіғалым С.М.,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары