«Ақ жүрек» сыйлығының иегері
Қарағанды медицинасының мерейін үстем еткен жағымды жаңалықтың бірі – облыстық кардиоорталықтың ангиохирургі Евгений Вручинскийдің «Ақ жүрек» сыйлығына ие болуы. Бұл марапат жүрек-қан тамыры қызметін дамытуға және науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге елеулі үлес қосқан мамандарға табысталатын беделді кәсіби наградалардың бірі.
Салтанатты марапаттау рәсімі Алматы қаласында өткен Қазақстан кардиологтарының XVIII конгресі аясында ұйымдастырылды. Дәстүрлі жиында еліміздің түкпір-түкпірінен келген кардиология саласының мамандары бас қосып, тәжірибе алмасып, үздік жетістіктерді саралады.
Евгений Вручинский Қарағанды кардиоорталығының тамыр және эндоваскулярлық хирургия бөлімінде еңбек етеді. Ол қан тамырларына аз инвазивті әдістермен операция жасауға маманданған тәжірибелі ангиохирург ретінде көптеген науқастың денсаулығын қалпына келтіруге үлес қосып келеді. Заманауи медициналық технологияларды қолдану арқылы жүрек-қан тамыры ауруларын емдеудің тиімділігін арттыруға және операциядан кейінгі оңалту мерзімін қысқартуға мүмкіндік жасалуда.
№2 көпсалалы аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл марапат дәрігердің кәсіби біліктілігі мен адал еңбегінің жоғары бағаланғанын көрсетеді. Сонымен қатар мұндай жетістік кардиоорталық ұжымының үйлесімді жұмысы мен өңірдегі жоғары технологиялық медициналық көмектің даму деңгейін де айқындайды. Бүгінде Қарағандыда күрделі жүрек-қан тамыры ауруларын емдеуге бағытталған заманауи тәсілдер кеңінен енгізіліп келеді. Білікті мамандардың қажырлы еңбегі мен жаңа технологиялардың тиімді қолданылуы тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге жол ашып отыр.
Евгений Вручинскийдің «Ақ жүрек» сыйлығын иеленуі – жеке жетістік қана емес, өңір медицинасының кәсіби әлеуетін танытатын айтулы оқиға. Мұндай марапаттар дәрігерлердің еңбегіне берілген лайықты баға ретінде халық денсаулығын қорғау жолындағы ізденіс пен жауапкершіліктің маңызын айқындай түседі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

