«Ақылды» есептегіштер: міндет пе, әлде таңдау ма?

Қазақстанда су тұтынуын есепке алу жүйесі кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшірілуде. Енді қашықтан дерек беретін жаңа буын есептегіш құралдарын енгізу талабы тек заңды тұлғаларға ғана емес, барлық тұтынушыларға ортақ бола бастады. Алайда бұл бастама қоғамда түрлі пікір туғызып отыр.

Жаңа талапқа сәйкес, су есептегіштері заманауи «ақылды» құрылғылармен ауыстырылуы тиіс. Олар тұтыну көрсеткіштерін автоматты түрде жеткізіп, бақылау жүйесін жеңілдетеді. Бұл нормалар Қазақстан Республикасының Су кодексі және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тиісті бұйрықтары аясында енгізілуде.

Дегенмен, бұл талап бірден барлық тұтынушыларға міндеттелмейді. Мамандардың айтуынша, есептегіш құралын тек белгілі бір жағдайда ғана ауыстыру қажет.

– Қазіргі уақытта бәріне бірдей ауыстырудың қажеті жоқ. Есептегіш бұзылған немесе пайдалану мерзімі өткен жағдайда ғана жаңасына ауыстырылады. Әдетте оның қызмет ету мерзімі 10-12 жыл. Осы мерзім аяқталған соң, тексеруден өткізудің үшінші кезеңінде міндетті түрде қашықтан мәлімет беретін құрал орнатылуы тиіс, – деді Гүлжан Назар, «Қарағанды Су» ЖШС бақылау-әдістемелік бөлімінің басшысы.

Алайда жаңа есептегіштердің бағасы тұрғындар үшін арзан емес. Нарықта олардың құны 30 мыңнан 80 мың теңгеге дейін жетеді. Бұған қоса сүзгі орнату мен монтаж жұмыстарының шығыны тағы бар. Сондықтан бұл талаптың қаржылық жүктемесі көпшілікті алаңдатып отыр.

Заңгерлер де бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдіруде. Олардың айтуынша, Табиғи монополиялар туралы заң бойынша есептеу құралдарын орнату қызмет көрсетуші ұйымның міндетіне жатады. Яғни, құрылғыны сатып алу мен орнату шығыны тариф арқылы кезең-кезеңімен өтелуі тиіс.

Соған қарамастан, қазіргі тәжірибеде бұл шығын көбіне тұтынушының мойнына жүктеліп отыр. Әсіресе ескі үйлерде тұратын азаматтар үшін бұл қосымша қаржылық салмақ.

Мамандардың айтуынша, есептегіш орнатпағаны үшін әзірге айыппұл қарастырылмаған. Бірақ құрылғысыз немесе мерзімі өткен есептегішпен тұтыну көрсеткіштері есепке алынбайды.

– Егер есептегіштің тексеру мерзімі өтіп кетсе, ол коммерциялық есепке жарамсыз деп танылады. Мұндай жағдайда төлем тұтыну нормасы бойынша есептеледі, – деді Гүлжан Назар.

Қарағанды қаласының өзінде бүгінгі күні 26 мыңға жуық жаңа форматтағы есептегіш орнатылған. Олардың басым бөлігі – жаңа тұрғын үй кешендері мен заңды тұлғалар. Себебі жаңа үйлерде бұл құрылғыларды құрылыс компаниялары орнатуға міндетті.

Қалада мұндай есептегіштерді жеткізетін бірнеше компания бар. Қызмет көрсетушілердің айтуынша, тұтынушылар кез келген үлгіні таңдай алады, себебі барлық құрылғылардан деректерді қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Жалпы алғанда, су есептегіштерін цифрландыру – уақыт талабы. Бұл жүйе ресурсты тиімді пайдалануға және есеп жүргізудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда оны енгізу барысында тұрғындардың қаржылық мүмкіндігі мен құқықтық мүддесін ескеру – басты мәселе болып қала бермек.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»