Қаңғыбастар қаптап барады

Қарағандыдағы уақытша бейімдеу орталығына биыл адам сыймай қалған. 50 орынға шақталған орталыққа жеткізілгендердің саны 55-ке жеткен. Олардың көбі сақылдаған қызылшұнақ аязда далада қалып, үсіп қалғандар. Салдарынан әлсіз топтағы жандар енді үй-күйсіздердің ғана емес, мүгедектердің де санын қосып отыр. Қоғамның сыздауығына айналған азаматтарды қатарға қосу – қазір бейімдеу орталығының басты мақсаты.

Даланы мекен етіп жүрген кезбе жандарды орталыққа жеткізумен «Әлеуметтік патруль» айналысады. Күн суытқалы бері арнайы топ қала ішінде 30 мәрте рейдке шығыпты. Құрамында фельдшер және әлеуметтік қызметкері бар бригада үш айда үсік шалып өлудің аз-ақ алдында қалған жиырма шақты адамның жанына араша түскен. Ол аздай, оларды орталыққа әкеліп, тіпті кейбірінің құжаттарын рәсімдеп, қалыпқа
келтіріп беріпті. Бейімдеу орталығында көптен бері жұмыс істеп келе жатқан Зияш Ахметова Латвия, Литва, Ресей мен Украинада туған азаматтардың құжаттарын қалыпқа келтіру өте қиын екенін айтады. «Ол үшін көші-қон полициясына барып құжат тапсырамыз, сұраныс хат жібереміз. Ал, олардан тез арада жауап келе қоймайды» — дейді ол. Тек, ресми жауап келгеннен кейін ғана, зейнет жасына толғандарды қарттар үйіне, қалғандарын тұрақты жұмысқа орналастыруға көмектеседі екен.
— Ал, далада жүріп, аяқ-қолын үсік шалғандарға мүгедектігін рәсімдеп береміз, — дейді ол.

Уақытша бейімдеу орталығы мамандары әрбір жанға ерекше назар аударып қарайды. Далада, көпқабатты ү й л е р д і ң ж е р т ө л е с і мен жылу ж ү й е л е рінің құдығын мекен еткен жандар мұнда төреше күтіледі. Киімі таза, жатар орыны жылы. Кітап оқып, дойбы мен шахмат ойнауға болады. Қала берді тоқыма тоқып, сүйікті ісіңмен айналыс. Осыған қарамастан ащы суға салынып кеткендер кейде қашып кетпек те болатын көрінеді.
— Тағдыр сынына ұшырғандардардың дені ер адамдар, — дейді мекеме қызметкерлері. Өкінішке қарай, бейімдеу орталығында ем-дом алып, оңалту іс-шараларынан толық өткен кей азаматтар еркін өмірге көндіге алм а й аз уақытта қайтадан маскүнемдік пен нашақорлыққа құмартып кетеді екен. Сау болып кетіп, сал болып келетіндері қаншама. Қазір уақытша бейімдеу орталығының басты проблемаларының бірі – осы ішкілікке салынған мүгедектер болып отыр. Себебі бір кезде бір отбасының отағасы не отанасы болып отырған жандар арасында балаларын да, баспанасын да араққа айырбастағандары, тіпті аяқ-қолдарынан айырылып отырғандары да жетерлік. Бейімдеу мекемесінің психологы Виктория Фесик болса, ішкілікке түгелімен салынған адамды қайта қалыпты өмірге бейімдеу қиынның қиыны дейді.
— Белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды әкелгенде, олар бірден ПТР тестін тапсырады. Көбін біз әбден танып алғанбыз. Себебі ащы суды енді аузыма алмаспын деп кетіп, аз уақытта қайта келіп жататындар бар. Олардың көбін өмірде еш нәрсе қызықтырмайды. Көбін балалары мен жақындары тастап кеткен. Сау кезінде барлығы қалыпты өмірге оралғысы келеді, алайда көбі бір қателігін екінші рет, кейін үшінші рет жасай береді, — дейді ол.
Бейімдеу орталығы жұмысшыларының да бас ауыруы жетіп жатыр. Мысалы, биыл оларға 65 миллион теңге бөлінген. Оған 50 адамның бір жылдық тамағы, киім-кешегі, мекеменің коммуналдық қызметтер үшін төлемі мен қызметкерлердің айлығы да кіреді. Орталық басшысы Қалқаш Батырбеков жұмысшылардың орташа айлығы 60 мың теңге шамасында екенін айтады.
— Айлық аз, жұмыс қиын болғандықтан жұмысшылар табу қиынның қиыны екен. Осыған қарамастан орталықтың 30 қызметкері күрделі жұмыста төзімділік танытып келеді, — дейді ол.
Атап өткен жөн, уақытша бейімдеу орталығына келгендер бұл жерді тек бір жарым жыл мекен етеді. Кейін мүгедектігі мен зейнет жасына жеткендер қарттар үйіне жіберіледі. Ал, еңбекке қабілетті адамдар жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасады. Олардың арасында адал еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргендер де жетерлік дейді мамандар.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»