Аңшылыққа байланысты ырым
«Атан өлсе – сойылар, атам өлсе – қойылар, мынадай қансонар маған қайдан табылар?» дегенді бір аңшы айтқан екен» дегенді талайымыз естіген шығармыз. Сол қансонардың мезгілі туды. Ұлпа қар енді жауып, оның бетіне мал-жан әзірге із қалдырмай тұрғанда, аң ізіне қарап оның қай бағытқа кеткенін, жобамен қашан өткенін анықтай алатын шақты қазақтар «сонар» деп атаған. Аңшы қанжығасының майланатынын меңзеп «қансонар» дегені де осыдан шығады. Кей жылдары қар кеш түсіп, аңға шығу мезгілі басталып кететін кездер де болады. Оны біздің халық «қара сонар» деген.
Халқымызда аңшылық өнер қатты дамыған. «Аңшылық» деп көбіне тазымен шығуды айтып, «саятшылық» деп жыртқыш құстармен аңға шыққанды айтқан. Қазір осы екеуін шатастырып алғанымыз да жасырын емес. Сонымен, аңшылық, саятшылық кезіндегі ырымдар, салт-дәстүрлерге тоқтала кетсек.
Аңшыны аңға шығарып салған жан немесе жолай кезіккен адам оған «Қанжығаң майлансын» деген. Жас аңшы болсаңыз, есіңізге мына ырымды мықтап сақтаңыз. Аңшылық кезіндегі ең бірінші олжа ешкімге сыйланбайды. Мейлі ол қоян не түлкі, тіпті қасқыр болса да. Бұл – дүниеқоңыздықтан шыққан ырым емес. Сол аңмен келген жамандық болса да, жақсылық болса да басқаға көшпесін деген ниеттен шыққан дүние.
Аңшы екінші, үшінші және басқа да олжаларын қасындағы серіктеріне, сыйлы кісінің қанжығасына байлаған. Бұл дәстүрді «Байлау» деп атайды. Ал сыйды алушы «Үйірімен үш тоғыз» деп аңды ырымдап жерге үш ұрып барып байлаған. «Батырдан – олжа, аңшыдан – сыралғы» деген сөздер осыдан шықса керек. Біз көп дүниенің қандай тәртіппен жасалатынын ұмытқан ұрпақпыз. Қазақ аңшы қанжығасына байлап үлгерген олжадан дәметпеген. Әрине, кейде жолай кезіккен жолаушыға аңшы өзі байлап жіберуі мүмкін. Қазақта осы қанжығаға байлауға қатысты мақалдар да бар. «Атқанның аңын жатқан байланар», «Қатынды қалжа айырар, еркекті олжа айырар» деген тіркестер жайдан-жай шықпаса керек-ті.
Мәселен, ақ түлкі, көк шулан қасқыр дегендей сирек кездесетін аңдар болады. Мұндай аңдар қанжығаға байланбайды және оған жөн білетін адам еш ренжімеген. Қазақ «қоян терісі құн сүймес» деп қоянды қанжығаға байламаған.
Бұрынырақта аңға шыққан күшік тазы алғаш аңын алып, ауызданған кезде «Тырнақалды» деген сылтаумен аңшы үйінен дәм тататын салт болған екен. Тап осы тырнақалдыны құсбегілер «Бауашар» деп те атайды екен.
Әрине, өз басым заманауи қарумен аңға шығуды құптамайтын адаммын. Жабайы аң мен аңшының күші тең болғанын қалаймын. Яғни тазымен не болмаса жыртқыш құсымен аң аулап, сол ләззатты сезінген адам аңға қарсы қаруды беталды қолдана бермесе керек-ті. Қазір заман дамыды. Тазымен, құспен аңға шығу сиреді деп жатамыз. Меніңше, қақпанмен, тұзақпен аң аулау тіпті жоғалып бара жатыр. «Рухани жаңғыру» аясында осы қақпанмен аң аулау сынды дәстүрге де насихат жасаған дұрыс.