Ақша үшін адам өлтірмек пе?

Естіген құлақта жазық жоқ. Күні кеше ғана Балқаш қалалық ауруханасынан дау шықты. Дау болғанда да күллі Қазақстанға таралып, көптің үрейін ұшырған жағдай. Дертіне дауа іздеп дәрігер көмегіне жүгінген азамат шыбын жанын аман алып қалу үшін үйіне жалаңаш қашуға мәжбүр болған. Ол неден шошынды? Дәрігерлер не дейді?

Дәрігерден қашқан азаматтың есімі – Қанат. Ол ыстығы көтеріліп, қатты терлеген соң жедел жәрдем шақыртады. Олар науқасты тексерген соң бірден қалалық ауруханаға жеткізген. Ол жердегілер бастапқыда сырқатының сыры жүректе екенін айтқан. Артынша асқазан қатерлі ісігі деген диагноз қояды. Тіпті жақындарына ісіктің іріңге толып кеткенін, бұл аты жаман дерттің соңғы сатысы екенін жеткізіп, аман қалуына үміт жоғын айтады. Жақыны үшін алаңдаған туыстары науқасты соңғы мәрте көруге өтініш білдірген екен. Алайда дәрігерлер рұқсат бермепті. Арада біршама күн өтеді. Туыстары Қанаттың жағдайын ойлап жылап жүрген шақта, ол үйіне жалаңаш күйде қашып келіп, басынан кешкен шытырман оқиғаны жайып салады. Дәл осы сәт түсірілген видео кейін әлеуметтік желіде таралып, қоғамда дүрбелең туғызған-ды. Видеода дәрігерден жәбір көрдім деген азамат қарсылық көрсеткеніне қарамастан қол-аяғын байлап, төсекке таңып тастағанын, еркінен тыс екпе салғанын айтады. Мұндай қорлыққа төзбеген ол орайлы сәтті пайдаланып жалаңаш күйде қашып шығыпты. Абырой болғанда, жолай кездескен такси жүргізушісі оны үйіне жеткізіп тастаған екен. Желіде видеомен бірге екі аудиожазба тарады. Онда дәрігерлердің науқасты ақша үшін өлтірмек болғаны және істі ҰҚК бақылауға алғаны айтылған.

Десек те Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жағдайдың ақ-қарасы айқындалғанша жалған ақпарат таратпауды сұрайды. Мемлекеттік орган таратқан ақпаратта: «Аталған науқас Балқаш қаласының орталық ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілді. Қан қысымының өте төмен болуына байланысты ол дереу реанимацияға ауыстырылды. Шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, науқастың жағдайы тұрақталды. Жүргізілген тексеру (КТ және ФГДС) асқынған аурудың барын көрсетті. Пациенттің жағдайы қайта нашарлауы мүмкін. Сондықтан науқастың туыстары оның денсаулығына байыпты қарауы тиіс. Болашақта жалған ақпараттың жариялануына жол бермеуді сұраймыз», – делінген.

Қазір аталмыш дерек Полиция басқармасында тіркелді. Балқаш қалалық ауруханасында орын алған оқыс жағдай бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Расул МҰХАММЕД,

«QН»