Ақ халат пен әскери антқа адалдық
Әскери медицина – Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен ел қорғанысын қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі. Бұл қызмет әскери тәртіп пен дәрігерлік борышты қатар алып жүруді, кез келген жағдайда кәсіби шешім қабылдауды талап етеді. Сондықтан әскери дәрігерлердің еңбегі бейбіт күннің өзінде жоғары жауапкершілікпен бағаланады.
Әскери медицина күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери лазаретінде қызмет атқарып жүрген медицина қызметінің лейтенанты Айдана Мейірханқызы Кәленованың еңбек жолы көпшілікке үлгі боларлық.
Айдана Мейірханқызы 1995 жылдың 30 қыркүйегінде Теміртау қаласында дүниеге келген. Медицина саласын таңдап, Қарағанды медицина университетінде білім алды. 2013-2023 жылдар аралығында анестезиология және реаниматология мамандығын меңгеріп, кәсіби біліктілігін шыңдады. Бүгінде ол Қарағанды қаласындағы әскери лазареттің қабылдау бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
Әскери дәрігердің күнделікті жұмысы жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қызмет барысында әскери қызметшілерге жедел медициналық көмек көрсету, олардың денсаулығын бақылау, шұғыл жағдайларда дұрыс шешім қабылдау – басты міндеттердің бірі. Бұл салада кәсіби біліммен қатар сабырлылық, төзімділік пен адам өміріне деген жанашырлық ерекше маңызға ие.
Айдана Кәленованың адал еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 2025 жылдың маусым айында ол денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат – оның кәсіби шеберлігі мен қызметіне деген адалдығының айқын көрінісі.
Әскери қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүрген офицер үшін елге қызмет ету – басты құндылықтардың бірі. Жұбайы да азаматтық қорғау органдарының офицері, өрт сөндіруші-құтқарушы. Екі бала тәрбиелеп отырған отбасы қоғамдық қауіпсіздік пен халыққа қызмет етуді өздерінің өмірлік ұстанымына айналдырған.
Әскери медицина күніне орай әріптестеріне ақжарма тілегін жеткізген Айдана Мейірханқызы:
– Әскери дәрігер болу – жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен ерекше миссия. Біз күн сайын адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолында әскери антқа адал қызмет етеміз. Барша әріптестеріме зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріне толайым табыс тілеймін. Әскери медицина күні құтты болсын!, – дейді Айдана Кәленова.
Әскери медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен жанқияр еңбегі – ел қорғанысын нығайтатын маңызды факторлардың бірі. Олар тек әскери қызметшілердің ғана емес, қажет болған жағдайда қарапайым азаматтардың да өмірі мен денсаулығын қорғауға әрдайым дайын. Сондықтан ақ халат пен әскери антқа бірдей адал мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

