Ағаштар да қартаяды

Көк желек — жердің көркі, көшенің сәні. Бірақ оның да мәңгілік емес екенін ойлай бермейміз. Ағаштар да қартаяды, жасы жеткенде тамыры суалады, шіріп тозады. Ал қураған ағаштың аяқасты апатты жағдай туындатары — шындық.

Қарағанды жерінде сонау кеңестік кезеңде отырғызылған ағаштар жетерлік. «Ағаш тамырымен мықты» дегенмен, осыншама жыл өсіп тұрған мәуелі ағаштардың бәрі бәрдей мықты деп айта алмас едік. Қайсыбір ағаштың биіктігі 10– 15 метрге дейін барады. «Биік ағаш бұрын құлайды» деген сөз осындайда еске түседі. Құлап та жатыр. Айдың, күннің аманында адамдарды жазым еткен оқиғалар да жоқ емес. Үп еткен жел тұрса, Қарағандыда ағаш құлау жағдайы жиілегенін көруге болады. Кейде тіпті жел жылдамдығы секундына қанша болған, томар ағашты тамырымен опырардай жел болмаған еді деп таңданып жатамыз.

Желсіз күні де құлауы жиілеген ағаштар мәселесіндегі басты себеп — кеншілер астанасындағы жасыл желектің басым бөлігінде биологиялық өмір сүру ұзақтығының аяқталуы. Осыған байланысты жақын арада статистикалық құлдырау күтілуде. Көк желектер мәселесімен көп айналысар «Елки — не палки» әлеуметтік жобасының өкілдері де бұл мәселенің күн санап ушығып келе жатқанын айтып бағуда. Көгалдандыру бойынша жастар қорының жетекшісі Данияр Құрмановтың айтуынша, әр ағаштың өзіндік биологиялық өмір сүру мерзімі бар. Мысалы, терек 60–80 жыл, қайың 100–120, ал қараағаш 40-тан 100 жылға дейін жасайды екен. Ал Қарағандыда ағаштар өткен ғасырдың 40–50 жылдарынан бастап отырғызылғанын ескерсек, ағаштан айтпай келетін апаттың артқаны айқын.

Арқа төсіндегі ағаштардың басым бөлігі адам қолымен отырғызылғандықтан, олардың ғасырлап өмір сүрмейтіні сөзсіз. Сондықтан көнерген ағаштар санын емес, жас талдар санын көбейту күрделі мәселенің шешімі болмақ. Бұл үшін уәкілетті органдар ағаштарды жүйелі түрде жаңартуды бастауы керек. Ағаштарды бірте- бірте ауыртпалықсыз ауыстыру қаланың тыныс алуына мүмкіндік беретінін айтады мамандар. Әзірге адамдар көлеңкелі ағаштардың астын пана тұтпай, керісінше, басын ала қашуы тиіс, себебі жасы келген ағаштар расыменен жазым етуі мүмкін.

«Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» деп мәселенің себебін желден іздеу жөнсіз. Себебі дәл біздегідей сирек болар екпінді, құйынды дауыл Жапонияның теңіз жағалауларында жиі болып тұрады екен. Бірақ онда қатты желден қала ағаштары құлап, кесапатқа ұшырамайды. Оның сыры неде дейсіз ғой? Барлығы мемлекет тарапынан заңдастырылған, яғни әрбір талап стандарт негізінде жүзеге асырылады. Оларды күтудің өзіндік тәртібі бар. Ал бізде үйеңкі де, морт сынғыш терек те, ретсіз иірілген қараағаш та қатар- қатар отырғызыла береді. Қысқасы, қолға не түссе, соны талғамсыз пайдалана береміз. Кезіндегі теректердің бүгінде жаз айында мамық шашып мазаны алатыны — осыған дәлел. Сондықтан жергілікті әкімшілік қала көшелері мен саябақтарға, гүлзарлар мен жол жиегіне ағаш отырғызғанда халықаралық тәжірибелерге сүйенсе.

Кейде біздер табиғатты қорғаймыз деп тым жанашыр болып жүріп, адам өмірінің қауіпсіздігін естен шығарамыз. Осыдан келіп ағаш отағандардың ол қылығының оң не солын ажыратпай жатып ойбайға басатындар да бар. Осындайда жиі жанжал тақырыбына айналар ағаштар туралы мәлімет аздық етеді.

Осыдан төрт жыл бұрын Қарағандыда жасыл желектердің электронды картасын құру қолға алынған. Онда барлық ағаш пен бұталар белгіленіп, олардың жағдайы мен күтім ережелері жазылады делінген. Бұл жұмыстармен арнайы ғылыми- зерттеу институтының қарағандылық филиалы мамандары айналысты. Қалалық бюджеттен бұл мақсаттарға 65 миллион теңге бөлінген. Жалпы, Қарағанды облысында 5 жылда 100 миллион ағаш егу жоспары жасалған. Осылайша өңірдегі орман көлемі 4 есе ұлғайтылады. Қарағандының климаттық ерекшелігіне сай, негізінен, үйеңкі мен қараағаш көшеттерін өсіру тиімді саналған. Себебі олардың өсу ықтималдығы 60%-дан асады. Осылайша кезеңдеп болса да жас көшеттер саны артса, кәрі ағаштан болар қауіп кемитін еді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»