БАЛАБАҚШАДА ОРЫН ЖОҚ

Пандемияға байланысты балабақшалар бір жыл болды тек кезекші топтарға ғанабала қабылдап отыр. Ал қаншама бала балабақшаның толық ашылуын күтіп үйінде отыр. Бұл ата-аналардың наразылығын туғызды.

Осакаров ауданындағы Сарыөзек ауылы әкімдігі мен жергілікті халқы балабақша төңірегінде бір байламға келе алмай дүрдараз болып отыр. Әкім аппараты балалар келмейді деген желеумен балабақшаның тең жартысына келіп орнығып алған. Ал, халық болса осының салдарынан енді балаларға орын жетпей жатыр деп ашынады. Көлемі 500 шаршы метрден асып жығылатын Сарыөзек ауылының 100 балаға шақталған балабақшасы қазір әкімдіктің меншігіне өтіп кетіпті.

Сондықтан балабақша жағында тек 2 бөлме бар. Карантин талаптарына сай мұнда кіріп, мәселені өз көзімізбен көруге мүмкіндік берілген жоқ, сондықтан балалардың қаншалықты қысылып отыратынын көзбен көре алмадық. Ауыл халқы екі бөлмеге бала симай жатыр деп шағымданады. Мысалы ауыл тұрғыны Береке Кәлем «Бізге балабақшада орын жоқ деді. Көптеген ата-ана бар мысалға келеміз орын жоқ дейді. Мен өзім хабарласқан едім әзірге күте тұрыңыз деген. Басқа да қаншама ата-аналар бар екен балаларын бере алмай жүрген. Сондықтан бізге осы балабақшаны үлкейтіп берсе болды, басқа ештеңе керек жоқ» — дейді. Ал, тағы бір тұрғын, ауыл ақсақалы Солдат Баянбайұлы болса екі немерем бар, осында беріп жүрмін. Таңертең келеді, жататын жерінде 10 төсек тұр, соның алдында кішкентай орындық бар сонда отырады күні бойы. Оны тәрбиеші қарап отырады. Сосын кешке алып қайтамыз. Тіпті ойнайтын жер де қалмаған деп налиды.

Балабақша меңгерушісі болса қазір мұнда тіпті тізімдегі балалардың өзі толық келмейді дейді. Олардың ата-анасы ескертілгенімен, балабақшадан шығарып жіберуге негіз жоқ. Салдарынан жаңадан бала қабылдауға тағы мүмкіндік жоқ. Екі ортада қалған олар балабақшаға келмеген балаларды шығара аламайды, ал, жаңадан бала ала алмай отыр. Себебі орын жоқ.

«Жолдамасы бар балалар ғана қабылданған, 36 бала бар. Менде екі топтың кабинеті бар. Проблема бар. Ата-аналар балаларын тіркетіп алып, бірақ балабақшаға әкелмейді, — дейді балабақша меңгерушісі Нұржан Мұссалим.

Білім бөлімі басшысының сөзінше өткен жылдары әрі кетсе 25 бала балабақшаға келіп, 30-дан астам тәрбиеші қызмет еткен. Оған бюджеттен 22 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал әкімдік пен бүлдіршіндер бір ғимаратты бөліскенде қаржының біраз бөлігі үнемделген екен.

«Балабақша негізі 2011 жылы 100 орынға ашылған. Халықпен келіп, бірнеше рет кездескенде халық біз жібермейміз, төлейтін ақша жоқ деді. Ол кезде төлем 6-7 мың теңге шамасында болды. Қазір ол 10-11 мың теңге көлемінде. Қырық бала келсе мына жер тарлау болады, сондықтан бір жағын босатып, бұл мәселе шешіледі деп айта аламын»- дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Ақмағанбетова. Ал, ауыл әкімінің міндетін атқарып отырған Манарбек Досымханов болса «жартысын қысқартқан соң жартысы бұзылып, қараусыз қалмасын деп бізді осында көшірді. Біз келіп, қазір жылуын, күзетін өз мойнымызға алдық. Біздің штат жұмыс жасап жатыр. Балалар келсе, симай жатса өз ғимаратымызға кетіп босатып та береміз, не екі-үш кабинет босатып береміз. Оған ешқандай сөз жоқ. Тек қана бала саны болу керек» — деп ағынан жарылды.

Білім бөлімінің ақпаратынша, Сарыөзек ауылында 6 жасқа дейінгі бала саны 60-қа жуық. Оның тек тең жартысына жуығы балабақшамен қамтылған. Тағы бір тобы мектеп алды даярлық сыныбына барады. Қалғаны балабақша кезегінде тұр. Бірақ ауыл жұрты бала саны басшы айтқан саннан әлде қайда көп екенін айтады.

Расул МҰХАММЕД, QH.