Түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары Әнет-Баба мешіті аумағында тұрғынға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мешіт жамағатына 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналасу мәселелері жөнінде, сондай-ақ, «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны» бағыттары бойынша кеңес берілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік грант арқылы бизнес ашу туралы толыққанды ақпарат ұсынылды.
Айта кетелік, Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіпкерлікті дамыту және ұлттық жобаны түсіндіру бойынша мобильді рекрут пункті жыл басынан бері 477 адамды қамтыды.
«WhatsApp» көмегімен жұмыс іздеу қызметін 11 975 адам пайдаланған, ал, арнайы чаттарды 194 жұмыс беруші пайдаланады. Оның ішінде 2022 жылдың басынан 459 жұмыс іздеуші, 37 жұмыс беруші жүгінді.
Жыл басынан бері 75 түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Жұмыспен қамту орталығының мамандары оқу орындарын, мекемелерді аралап, кездесулер ұйымдастыруда. Сонымен қатар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да халыққа қажетті ақпараттарды дер кезінде ұсыну жолға қойылған. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердің әлеуеті де тиімді пайдаланылуда.
Аружан АЛПЫСБАЙ