Алаяққа алданбау үшін не істеу керек?

Түрлі жымысқы әрекет арқылы адамның басын айналдырып, қалтасын қағуды әдетке айналдырған адамдар бар қоғамда. Одан қалса, бөгденің мүлкіне көз алартып, орайлы сәтте үптеп кетуге әуес жандар да кездесіп жатады. Олардан қалай сақтану керек? Қаламызда қылмысқа қарсы күрес қалай жүргізіліп жатыр? Осы мәселе төңірегінде Әлихан Бөкейхан ауданының прокуроры Ержан Қошановпен сұхбат құрып, көптің көкейінде жүрген сауалдарды жолдаған едік. Жұмыс кестесі сағатпен емес, минутпен жоспарланған прокурор бізге уақыт бөліп, өз ауданындағы құқық қорғау жұмыстарының барысымен бөлісті.

– Ержан Жұмабекұлы, ауданда қылмыстың алдын алу бойынша прокуратура жұмысының нәтижесін қалай бағалайсыз?

– Әсілінде, құқықбұзушылықтың алдын алу прокуратура органдарының стратегиялық бағыты саналады. Бүгінге дейін бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, тек биылдың өзінде аудан прокуратурасының платформасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша уәкілетті органдармен 2 ведомствоаралық кеңес өткізіліп, заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынулар енгізілді және прокурорлық ден қою актілерімен бірқатар лауазымды тұлға жазаланды. Сондай-ақ прокуратураның үйлестіруімен тұрғындармен тұрақты жиындар өткізіліп, жалпы білім беретін оқу орындарында қылмыстың алдын алу мәселелері бойынша дәрістер өткізу тәртібі жолға қойылды. Бұдан бөлек прокуратураның нұсқауы бойынша учаскелік полиция қызметкерлері өздеріне тиесілі аумақтағы тұрғындармен WhatsАpp топтарын құрып, түсіндіру сипатындағы бейнероликтерді тұрақты түрде таратып тұруды қолға алды.

– Сіз жүргізіп жатқан жұмыстың нақты нәтижелері бар ма?

– Әрине, нәтижелер бар. Ағымдағы жылы қылмыстың жалпы 15%-ға төмендеуіне қол жеткіздік. Атап айтқанда, жеке тұлғаға қарсы қылмыстар 10%-ға, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар 71%-ға, меншікке қарсы қылмыстар 18%-ға, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы қылмыстар 50%-ға азайды.

– Бүгінгі таңда қандай қылмыс қоғамға қауіпті және өзекті болып отыр?

– Кез келген қылмыс өзекті болып саналады. Біз қандай да бір қылмысқа басымдық бермейміз және азаматтарымызды қылмыстық белсенділіктің кез келген көрінісінен қорғауға тырысамыз. Алайда егер қылмыстардың сандық арақатынасы туралы айтатын болсақ, онда, негізінен, алаяқтық пен бөгденің мүлкін ұрлау жиі көрініс табады. Бұлар қазірге дейін тіркелген барлық қылмыстың үштен екісін құрап отыр.

– Алаяқтықты тергеу барысында қандай қиыншылықтар бар?

– Алаяқтар – қылмыс әлемінің интеллектуалды элитасы. Олар елдегі заң нормаларын өте жақсы меңгерген. Осы қабілеттерін пайдалану арқылы қарапайым азаматтарды жалған келісімшарттарға қол қоюға шақырып, соның нәтижесінде өз әрекеттеріне азаматтық-құқықтық сипат беруге тырысады. Осылайша тұрғындардың сенгіштік қасиетін жеке мүдделері үшін тиімді пайдаланып отыр. Сондай-ақ алаяқтар жымысқы әрекетін жүзеге асыру үшін ғаламторды қолданады. Олар тұрғындарды алдап-арбау арқылы жеке деректерін және банк карталарының құпия белгілерін біліп алады. Ал олардан қорғанудың басты жолы – тұрғындар барынша сақ болып, банк карточкаларының нөмірлерін, парольдарын және басқа ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеуі керек.

Есіңізде болсын, егер сізге банктен шотыңыздағы күдікті операцияларға байланысты қоңырау шалса, онда бұл алаяқтар болуы мүмкін. Мұндай арандатуларға бой алдырмаңыз және банктердің ресми өкілдерінен ақпаратты нақтылаңыз.

Интернет-алаяқтықтың тағы бір танымал түрі – интернет алаңдарында тауар сату немесе белгілі бір қызмет көрсету туралы хабарландырулар орналастыру. Әдетте алаяқтар өз құрбандарын төмен бағамен немесе тауарларды тез жеткізумен тартады. Осы жағдайларда біздің азаматтар арзан тауарларды сатып алып, өздерінің немқұрайдылығынан зардап шегеді.

Ресми кепілдіктер беруді талап етіп, жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеріп, сұхбаттасушының жеке куәлікке сәйкестігін тексеру үшін бейнеқоңыраулар жүргізу арқылы азаматтарды кез келген жолмен тексеру қажет.

– Сіз ұрлықтың көп мөлшері туралы айттыңыз. Ұрыларды көбінесе не қызықтырады және олардан қалай құтылуға болады?

– Биыл бөгденің мүлкін ұрлау бойынша 300-ден астам дерек тіркелді. Яғни барлық қылмыстың тең жарымы ұрлыққа қатысты болып отыр. Оның ішінде автокөліктер мен велосипедтер ұрлығы жиілеп кеткені байқалады. Ұрланған автокөліктердің барлығында автосигнализация болмаған және күзетілмейтін орындарда тұрған. Велосипедтердің ұрлығы да осыған ұқсас. Жәбірленушілер оларды үйдің кіреберісіне құлыптап, түні бойы қараусыз қалдырған. Сондықтан сұғанақ қолдың жымысқы әрекетіне тап болмайын десеңіз, көлігіңізге автосигнализация орнатып, арнайы күзеті бар орынға қалдыру қажет. Ал велосипедтерді пәтерге кіргізіп қою керек.

– Қазір кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы жиі айтылуда. Қадағалаушы орган ретінде бұған не айтасыз? Қандай құқық қорғау шараларын қолданасыздар?

– Ауданда бизнесті қорғау жөнінде мобильді топ құрылып, жұмыс істеуде. Бізге түскен арыз-шағымды қарау барысында қаламыздағы 2 кәсіпкер полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз салынған (жалпы сомасы 245 040 теңге) әкімшілік айыппұл төлеуден босатылды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен және уәкілетті органдармен бірлесіп сауда үйлерінде ай сайын кәсіпкерлермен кездесу өткізіліп, туындаған мәселелер бойынша заңгерлік кеңес беріледі.

Прокуратура кәсіпкерлік қызметінің барлық саласын заңнамада қандай да бір олқылықтардың немесе бизнес жүргізу үшін кедергілердің болуы тұрғысынан үнемі талдайды.

Қадағалау актілері бойынша 19 кәсіпкердің пайдасына мемлекеттік сатып алулар бойынша қамтамасыз ету сомасы 33,2 млн теңге мөлшерінде қайтарылды, бұл – 19 кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде 1-еуі ірі, 4-еуі орта және 14-і шағын.

Мемлекеттік бақылау және қадағалау өкілеттігі негізсіз берілген Қалалық білім бөлімі тарапынан 45 кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласу фактілерінің жолы кесілді.

Біздің ұсынысымыз бойынша қала әкімі бұған дейін болмаған 10 мыңнан астам кәсіпкердің сауда орындарын белгілеу туралы қаулы шығарды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және әрбір кәсіпкер бізге қорғау үшін жүгіне алады.

Кәмелетке толмағандардың проблемалық мәселелері бойынша не айта аласыз?

– Балаларға ерекше назар аудару қажет, олардың әл-ауқаты – Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті органдар өз қызметінде балалардың құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

Олардың құқықтарын қорғау шеңберінде тұрақты негізде тексерулер мен талдаулар жүргіземіз.

Мәселен, балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметін тексеру кезінде медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету саласында бұзушылықтар анықталды. 10 қызметкер жазаланды, ал директор 400 мың теңгеден астам айыппұлға тартылды.

Балаларды мектеп автобустарымен тасымалдау ережелерін сақтау бағытында талдау жүргізілді. 2 мектеп бойынша бұзушылықтар анықталды. Қадағалау актісі бойынша 938 оқушының құқығы қорғалды. 2 адам жазаланды.

Сондай-ақ бүгінгі күні кәмелетке толмағандардың пайдасына алимент төлеу проблемалары өзекті болып отыр.

Біз атқарушылық іс жүргізу шеңберінде алимент берешегін азайту жұмысын дәйекті жүргізіп келеміз. Ағымдағы жылы 53 млн теңгеге төмендеді.

Жұмыссыз борышкерлердің мәселесін шешу үшін ЖСО және Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп оларды жұмысқа орналастыру бағытында 6 жәрмеңке өткізілді, қасақана төлемеушілерге қатысты алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша 4 қылмыстық іс тергелуде. Біздің қадағалау актілеріміз бойынша балалардың пайдасына 7 млн теңгеге алимент өндіріліп алынды.

Жазғы демалыс кезеңі басталды, бұл – шомылу, жаппай демалу, скутермен, велосипедпен жүру, адамдардың көп жиналуы, от жағу.

Жаз маусымы басталысымен қала бойынша суға шомылуға жарамсыз су айдындарында 2 жасөспірім суға батып кетті.

Сондықтан біздің тапсырмамызбен осы кезеңде барлық уәкілетті орган өздерінің қызмет учаскелері бойынша жұмысты жандандырды.

ТЖБ полиция қызметкерлерімен бірлесіп шомылуға жарамсыз барлық су айдындарын тұрақты патрульдеуде.

Сондай-ақ бұл бағытта БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы халыққа күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сондықтан ата-аналарға балалардың тек арнайы су айдындарында шомылуын қадағалауы тиіс екенін жеткізгім келеді, бұл – қала бойынша Федоров суқоймасының сол жағалауы және Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы көл.

Ата-аналардан осы кезеңде өз балаларын қараусыз қалдырмауын сұраймын. Тек осылай ғана біз балаларымызды жазатайым оқиғалардан құтқара аламыз.

– Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органның бюджетті толықтыруы өзекті болып отыр, оның ішінде прокуратура органдары да бар, осы мәселе жөнінде не айтасыз?

– Бюджетті толықтыру, оның ішінде мемлекет кірісіне өтеу – прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі.

Биылғы жылы біздің әрекет ету актілері бойынша мемлекет кірісіне 182 млн теңгеден астам салық берешегі өндіріліп алынды, 254 млн теңгеге 8 заңсыз мемлекеттік сатып алудың алды алынды, бюджетке 13,4 млн теңге өтелді.

Уәкілетті органдар әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға көп көңіл бөледі, өйткені бұл өндіріп алу – бюджетті толтырудың пәрменді көздерінің бірі.

Прокуратураның үйлестіруші рөлімен, атап айтқанда, бірлескен жедел алдын алу іс-шараларын өткізу жолымен уәкілетті органдар жалпы сомасы 47 млн теңгеге 3,5 мың айыппұл өндіріп алды.

Қадағалау актілері бойынша 4 млн теңгеге жуық, ал атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау желісі бойынша 5 млн теңгеден астам сома өндіріліп алынды.

Айыппұлды уақытылы төлеу жаңа құқықтық мәдениетті және азаматтардың жаңа құқықтық санасын қалыптастырады, бізді заңдылықты бұзуға нөлдік төзімділік қағидатын ұстануға мәжбүр етеді.

Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады.

– Ержан Жұмабекұлы, шектеулі уақытқа қарамастан сіз аудандағы жағдайды қысқаша сипаттап, тұрғындарға өз мүлкін сақтау жөнінде кеңес бердіңіз. Осындай мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»