Көктемде кенеден қауіп көп
Өздеріңіз білетіндей, көктем шыға кене мәселесі қатар көтеріледі. Адамдар жәндіктердің шабуылына тек көктемде ғана емес, жазда да, күзде де ұшырайды. Адамдар үшін қауіп — кене шаққаннан кейін жұқпалы аурулар жұқтыру. Қансорғыштарға қатысты маусымдық қатер туралы Қарағанды облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Елеусізова Ақбота Аркенқызы жауап берді.
— Табиғат аясына демалуға шыққанда кенелердің қандай түрінен сақ болуымыз керек?
— Табиғат та олардың 40 000-ға жуық түрі бар. Бірақ ең үлкен және қауіпті түрі — қанмен қоректенетін иксод кенесі. Әсіресе олардың белсенділігі мамыр айында артады, ұйқыдан оянған аш жәндіктер белсенді түрде өзіне «құрбан» іздейді. Қысқы ұйқы кезінде сілекей бездерінде көптеген инфекция қоздырғышы жиналады, олар туляремия, Конго- Қырым геморрагиялық безгегі, кене энцефалиті, кене параличі, Лайм ауруы, моноцитарлы эрлихиоз және тіпті іш сүзегін тудырады. Бұл аурулардың салдары мүгедектікке немесе өлімге әкелуі әбден мүмкін. Адамға ең қауіпті ауру — энцефалит (ми ауруы) жұқтыратын кене.
— Иксод кенесінің түрінде ерекшелік бар ма? Егер кене адам денесіне түссе, не істеу керек?
— Иксод кененің денесі тығыз қабықпен жабылған, сондықтан оны басып жанши салу оңай емес. Тістеген кезде ол теріні терең үңгіп кетеді де, қолмен суырып алу қою қиынға соғады. Адам денесінде кене 2–7 күн болуы мүмкін. Бірақ егер әлі де кене денеге жабысып алған болса, оны өзіңіз алып тастай алмайсыз. Денесін алып тастаған күннің өзінде тұмсығы қалып қоюы мүмкін. Сондықтан міндетті түрде жақын маңдағы медициналық мекемеге хабарласу керек, онда дәрігер кенені алып, талдау үшін зертханаға жібереді.
— Кенелер көбіне қандай жерлерде жиі кездеседі?
— Табиғаттағы кенелердің сүйікті мекені — тығыз өсетін және биік шөпті, ылғалды, көлеңкелі жерлер, орман жолдарының жиектері, сондай-ақ бақша учаскелері. Жәндіктерді үй жануарлары (ит, мысық) әкелуі әбден мүмкін. Жайылым кенелері де болады. Олар адам терісінде, жабайы жануарлар мен ауылшаруашылық малдарында паразит ретінде тіршілік етеді.
Кенелер ағаштардан түседі деген жаңсақ түсінік кең таралған. Шындығында, олар төменнен жоғарыға қарай қозғалады. Адамдар оларды көбіне басынан немесе иығынан тауып алатындықтан жоғарыдан түсті деп ойлайды.
— Кенеден қалай қорғануға болады?
Өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды кенеден қорғау үшін сізге табиғатқа шығар алдында дұрыс киіну, яғни балақты бәтеңкеге немесе етікке салу керек. Сондай-ақ ұзын жеңді және тығыз манжеттері бар жейде немесе күрте, баскиім киген дұрыс. Кенені дер кезінде байқау үшін киім түсі ашық болуы керек. Әр 10–15 минут сайын киімді тексеріп отырыңыз. Киім мен дененің ашық жерлеріне репеллент себіңіз, кенелер мен жәндіктерді үркітуге арналған тағы сол сияқты құралдарды пайдалану қажет. Демалыстан қайтып келген соң үстіңіздегі киімді үйден тыс жерде мұқият сілкіп алыңыз. Денеңізді, әсіресе қатпарлы орындарды (қолтық, мойын) тексеріңіз, шашты жұқа тарақпен тараңыз. Егер тексеру кезінде кене табылса, дереу жақын маңдағы жарақат орталығына хабарласыңыз.
— Сұхбатыңызға рақмет!