Қарағандылық теннисші – абсолюттік чемпион

Қарағандылық теннисші Алан Құрманғалиев 2022 жылы WTT жасөспірімдер сериясындағы бірінші  турнирдің екі медалін жеңіп алды.

Тунистің Радес қаласындағы үстел теннисінен WTT жасөспірімдер маусымында өзара мықтыны анықтау үшін 15 және 19 жасқа дейінгі санатта әлемнің 25 елінен спортшылар келген.

Жеке турнирде 15 жасар қарағандылық Словакия спортшысы Павел Кокавецті, тунистік Чад Хайриді, Норвегия елінің теннисшісі Хая Лама, португалиялық Тиаго Абиодунды, Чехия спортшысы Яндриша Моравикті жеңді. Алайда, ол словак Самуэль Арпастанға жол беріп, күміс медальды қанжығалады.

Жұптық сында Тунис спортшысы Айди Юссефпен бірге Құрманғалиев қола жүлдені жеңіп алды.

— Арманым — әлем чемипионатының алтын жүлдесін бағындыру, — дейді жас теннисші.

Алан Құрманғалиев 2019 жылы үздік жас теннисшісі атанған. Сонымен қатар жерлесіміз бұған дейін Омандағы ITTF World Hopes Week and Challenge турнирінің күміс медалін иеленген. Халықаралық үстел теннисі федерациясы Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесе отырып әзірлеген With the Future in Mind бағдарламасы бойынша 2021 жылғы стипендиаттар тізіміне де енген. Жас спортшыны жаттықтырушысы Эльмира Әлиева әр сайысқа тыңғылықты дайындайды. Алан өз жасындағылар арасында Қазақстанның абсолютті чемпионы.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»