Қиын сәттегі қолдау

Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты және интернет желісі қолжетімсіз болғандықтан, салық төлеушілер шот-фактураны қағаз түрінде рәсімдей алады. Бұл ретте ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайды. Салық төлеуші бизнес өкілдеріне қатысты басқа да уақытша жеңілдіктер қарастырылды.

Қажеттілік туындап, шотфактураны қағаз түрінде рәсімдеген салық төлеушілер бұл құжатты 19 қаңтардан кейін ақпараттық жүйеге 15 күнтізбелік күн ішінде енгізсе жеткілікті. Бұл ретте ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайды. Нақтылай айтқанда, елімізде төтенше жағдай жарияланып және интернет желісі уақытша қолжетімсіз болғандықтан, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығында «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақаудың орын алғаны туралы хаттамаға қол қойды. Тағы бір ескертері – кәсіпкерлербұлкүнде онлайн бақылау-касса машинасының фискалды чегінің орнына тауар чегін берсе болады. Мемлекеттік кірістер комитетінде тауар чегі электр энергиясы болмағанда немесе бақылаукасса машинасы бұзылғанда, сонымен қатар фискалды деректер операторы ұсынатын телекоммуникация жүйесі арқылы онлайн бақылау-касса машинасынан деректерді беру мүмкін болмаған жағдайда берілетіні айтылды.

Төтенше жағдай режиміне байланысты әзірге ғаламторға қатысты үзіліс болып тұрады. Сауда нүктелеріндегі бағалық бассыздыққа жол берілмейді. Ол үшін қалалық әкімдік арнайы тексеріс ұйымдастыруда. Қарағандылықтардан әлеуметтік маңызы бар өнімдер, жанаржағармай және такси қызметтеріне қатысты бағаны негізсіз көтергендер болса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хабарлауды сұрайды. Тәулік бойы жұмыс істейтін «қауырт желі» нөмірі: 8 (7212) 42 35 51.

Алматыда болған жат пиғылды жандардың жүгенсіздігінен кейін қазір Қарағандыда ірі техника дүкендері сөрелерден қымбат телефондар мен басқа да тауарларды алып тастап, өзіндік сақтық қылуда. Дегенмен бұл алаң күй уақытша екені белгілі.

Бір қуантарлығы – қандай қиын-қыстау сәт болмасын жомарттығымызды жоғалтпағанымыз. Оған дәлел – қарапайым халықтың әскерлерге деген әсерлі қолдауы. Қарағанды облысының тұрғындары әскерилер мен полиция қызметкерлеріне ыстық тамақ пен жылы киімдер таратуда. Блок-бекеттерде тұрып ел тыныштығын күзеткен сақшыларға халықыстықшайментіскебасарберсе, сарандық кәсіпкерлер сараңдық танытпай, тәртіп сақшыларын киімкешекпен қамтамасыз ететін болды.

Кәсіпкер Владимир Алескеров: «Біз жасап жатқан игі істер ел Президентіне деген демеуіміз, қиналған жұртқа деген қолдауымыз деп білемін. Қыс мезгілі, дала суық. Ал әскерлер болса үй көрмей қырағы қызметте тұр.

12 сағаттай далада жүріп кезекшілік ету Арқаның аязында оңай емес. Мысалы, түнгі аяз 15 градаусқа дейін көтеріледі. Сол себепті өз өнімдерімізбен соңына дейін қолдау білдіргіміз келеді», – деді.

Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Қарағандының алдыңғы қатарлы еріктілері де жеке қаражат есебінен ақша жинап, қажетті тағам апарып қолдау білдіруде. Бірнеше аймақта Ішкі істер министрлігінің ардагерлері жиналып көшеге шығып, әскерилер мен полиция өкілдеріне көмектесуде. Қазақстандықтар барлық жерде ел басына түскен ауыртпалықты жұмыла көтеруге ден қойып, бірлікті тірлікпен дәлелдеуде.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ