Кәріпбектің тағдыры шетелдік кинокартинаға арқау болды

Көкірек көзі ояу адамның көңіл көкжиегі кең. Ал сол көңілдегісін қолсыз кескіндеу шабытқа тұсау жоқтығын көрсетеді. Қазақ жеріндегі ядролық қару сынағынан зардап шегіп қаріп болған Кәріпбек Күйіков қылқалам құдіретімен тұтас бір ұлттың басына төнген қауіпті сейілтті. Аңыз адамға айналған жерлесіміз жайлы британдық «Spring Films» компаниясы (Where The Wind Blew) «Куда дул ветер» деп аталатын картина түсіріп, суреттер тарихы сыр шертетін фильмнің тұсаукесері өтті.

Полигон 18000 шаршы шақырым аумақта Семей өңірі Абыралы ауданының, сондай-ақ Павлодар және Қарағанды облыстары жерлерін қамтыған. Полигон жұмыс істеген жылдар ішінде сынақтар барысында шамамен 30 жерүсті және кемінде 85 әуе заряды жарылды. Бұдан басқа гидродинамикалық және гидроядролық тәжірибелер де жүргізілді. Полигондағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Атмосфераға, су мен топыраққа радиация сіңді. Жер құрылымы деформацияланды. Жарылыс болған жерлерде жасанды радиациялық көлдер пайда болып, тіпті жерасты суларында уран, стронций, цезий және басқа да радиоактивті өнімдер түзілді. Бұл тек аймаққа ғана емес, бүкіл республиканың экологиясына зор зиян келтірді.

Радиацияға ұшыраған өңірдегі әрбір жиырмасыншы бала дімкас болып туылды. Сол сынақ полигонынан небәрі жүз шақырым қашықтықта жатқан ауылда Кәріпбек қолсыз дүниеге келді. Сынақтың салдарын тартқан тума талантты бүгінде әлем таниды. Ол қылқаламның құдіретімен қазақ жеріндегі қасіретті суреттеді. Әр туындысында жасымайтын жігер, қайтпайтын қайсарлық байқатты. Қолсыз болса да, қиялсыз еместігін көрсетті. Оның бойындағы өлшеусіз өнер өмірінің мағынасына айналды. Ядролық сынаққа қарсы халықаралық қозғалыстың белсендісіне айналған Күйіков жайлы шетелдік «Spring Films» компаниясы «Куда дул ветер» деректі фильмін түсірді.

Өз тағдыры бір туындыға арқау болған Кәріпбек Күйіков бұл фильм жайындағы ойымен былай деп бөлісті:

– Бұл фильм ядролық сынақтарға қарсы күрес жүргізген жандар туралы. Тек Семей полигонындағы ғана емес, басқа елдердің адамдары жайында да айтылады. Мысалы, Американың Невада штаты мен жапондықтар жайында. Меніңше, бұл фильм қарапайым адамдардың тағдырын жақсы бейнеледі. Бұл адамдар да ядролық қаруға қарсы болған. Фильмде 30 жыл бұрынғы кадрлар бар. Онда ядролық сынақтарға қарсы күресті бізбен бірге бастаған адамдар көрсетіледі. Қозғалысқа алғашқылардың бірі болып Қарағанды кеншілері қатысты. Олар қазіргі Бұқар жырау көшесіне шығып, «Семей полигонын жапсын!» деген талап қойды. Ол кездерде қазіргідей ұялы телефон, интернет болған жоқ. Студенттер мен оқушылар ұйымдарды аралап, ақ қағаз бетіне қол қойғызып үндеу жинады. Сондықтан ядролық сынақтардың тоқтауына үлес қосқандар көп.

Туындылары Қазақстан, АҚШ, Жапония, Германия, Чехия, Швейцария мен басқа елдерді таңдай қақтырған ерекше дарын иесі жайлы фильм түсіру үшін британдық режиссёр Андре Сингер арнайы келген. Түсірілімдер Семей мен Алматы қалаларында қыс және жаз айларында өткен. Фильм Кәріпбек Күйіковтің картина салуынан басталып, жұмысын аяқтауымен бітеді. Осы процесс аралығында Семей полигонын жабу жолындағы барлық оқиғалар баяндалады. Фильмнің тұсаукесері Сарыжайлау кинотеатрында өтті. Сонымен қатар онда Кәріпбек Күйіковтің суреттер галереясынан ашылған көрмемен танысуға болады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ QH.